Министрлер жылы кабинетінен шығып, жылу орталықтарының басы-қасында жүруі керек – Ерлан Саиров
Депутат былтыр ғана жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында арнайы 160 миллиард қаржы бөлінсе де, аязға төтеп бере алмай отырғанымызды жеткізді.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р.Склярға депутаттық сауал жолдап, жылу орталықтарындағы өзекті мәселені көтерді.
Еліміздің коммуналдық инфрақұрылымының сыр бере бастауы дәстүрге айналып отыр. Рас, республика бойынша тозығы жеткен жылу орталықтары мен инфрақұрылым 80 проценттен асып кетті. Ал, олардың көбін біз 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеміз. Бұл - қауіпті жағдай. Былтырғы, Екібастұз, Риддер, Балхаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар - қордаланған мәселелердің айқын көрінісі. Соған қарамастан, біз жылына бұл салада тек 5-7 процентке ғана жаңарып отырмыз. Бұл, тіпті, елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды. Олай жалғаса берсе, жылу энергетикасындағы коллапс орнауы бек мүмкін, – деді депутат.
Шіріген труба, ескірген қазандық, «кеңестік заманнан қалған» насостарды ауыстыратын уақыт өтіп кеткенін айтқан депутат былтыр ғана жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында арнайы 160 миллиард қаржы бөлінсе де, аязға төтеп бере алмай отырғанымызды жеткізді.
Үшіншіден, жыл басында Парламентте Жоғарғы аудиторлық палатасының «Жылумен жабдықтау саласы» бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныстар мен жүйелі сындар айтылды. Ұсыныс ретінде берілді. Бірақ, сол ұсыныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі біз көрмедік. Осылай тізіп кете беруге болады. Сондықтан бұл саладағы менеджмент пен бақылауды күшейтуіміз керек. Мысалы, өткен жылы AMANAT партиясы өкілдері Екібастұз халқына мыңдаған үй жылытқыш пен жылы көрпе тасып, халықты жылытқанын білесіздер. Биыл осындай жағдайды қайталатуға Үкіметтің еш хақысы жоқ, – деді Саиров.
Депутат мынадай ұсыныстар айтты:
Бірінші. Жауапты министрлер жылы кабинеттерінен шығып, барлық жиналыстарын қысқартып, жылу орталықтарының бас-қасында осы аязды күндері жүруі керек.
Екінші. 2022-2023 жылдары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бөлінген қаражаттардың есебіне қатаң анализ жасалуы тиіс. Бұл саладағы әрбір жемқор қатаң жазалануы тиіс!
Үшінші. Осы күндері өңірлердегі оперативті штабтардың жұмысын «екі еселенген 24/7 режиміне» көшіру қажет.
Төртінші. Әкімдіктер мен Үкімет осы саладағы өңірлік қауіпті зоналар бойынша «Рисктер картасын» даярлап, олар бойынша нақты мақсаттық алгоритм жоспарын даярлап қоюға тиіс.