30 градус аяз: Астана тұрғындарына ескерту жарияланды

Қазгидромет мәліметінше, 11-13 желтоқсан күндері ауа температурасы түнде және күндіз -33 градусқа дейін төмендейді.

30 градус аяз: Астана тұрғындарына ескерту жарияланды
Фото: gov.kz

Астанада аптаның басы аяздан басталды. Алдағы күндері ауа температурасы 33 градустан төмен түседі деп болжанып отыр, деп хабарлады  turkystan.kz.

Әкімдік қала тұрғындары мен қонақтары жарақат алу мен үсік шалу секілді қиын жағдайға ұшырамас үшін ұзақ уақыт көшеде болмауы қажет екенін ескертті.

«Қазгидромет мәліметінше, 11-13 желтоқсан күндері ауа температурасы түнде және күндіз -33 градусқа дейін төмендейді.

Осыған байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынамыз:

- Дауыл туралы ескертулер жариялаған кезде алыс сапарларға шықпаңыз және жаяу жүрмеңіз
- Автожолдардағы ауа райы жағдайлары мен көлік қозғалысының шектеулері туралы ақпаратты қадағалаңыз.
- Қатты жел болған жағдайда жақын маңдағы ғимаратты паналау керек. Ағаштардан, ілулі тұрған құрылымдардан, электр желілерінен және билбордтардан алыс тұрыңыз.
- Балаларды қараусыз қалдырмаңыз.

Қатты аяз техногендік өрттердің көбеюіне ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты біз жоғары қуатты электр құрылғыларын бір уақытта қосу арқылы пештерді қыздырмауға немесе электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу туралы кеңес береміз.

Сондай-ақ, көлік иелеріне ашық оттың көмегімен автомобильдерді жылыту қаупі туралы еске саламыз», - деді қала әкімдігінен.