Қызылорда облысында өсу мерзімі қысқа күріштің жаңа сорттары шығады

Аймақта күріштің, өзге де дақылдардың жаңа сорттарын шығарып, өнім сапасын арттыру үшін Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметімен бірлесіп жұмыс атқарылады.

Қызылорда облысында өсу мерзімі қысқа күріштің жаңа сорттары шығады
basagro.kz

Ауыл шаруашылығы - өңір экономикасындағы басты секторларының бірі. Аймақтың табиғи – климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сәйкес ауыл шаруашылығы толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш егісіне бейімделген. Биылғы егін науқаны кезінде әр гектардан 56,5 центнер өнім алынып, қамбаға 503 мың тонна күріш жиналды, деп хабарлады turkystan.kz.

«Су тапшылығына қарамастан күріш өнімділігі бойынша өткен жылмен бірдей болды. Облыстың ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуеті артып, өткізу нарығы кеңеюде. Соңғы екі жылда құны 84 млн АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Экспортталған өнімнің 96%-ы - өңделген өнім. Суды үнемді пайдалану үшін тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерінің қолдану аясын кеңейтуге басымдық берілуде», – деді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Осы жылы су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 872 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл тенденцияны жыл сайын арттыру көзделген. 

Жаңа агротехнологиялар да назардан тыс қалмайды. Аймақта күріштің, өзге де дақылдардың жаңа сорттарын шығарып, өнім сапасын арттыру үшін Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметімен бірлесіп жұмыс атқарылады. Жақында Ауыл шаруашылығы ғылым академиясымен агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми және инновациялық дамыту саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойылды.

«Өнімділігі жоғары, өсу мерзімі қысқа күріштің жаңа сорттарын өндіріске енгізудеміз. Ғалымдар бірнеше жаңа сорттарды сынақтан өткізуде. Биылғы нәтиже жақсы. Пилоттық жобадағы сорттар 10 центнерден жоғары өнім беріп, 10-15 күн ерте пісті. Келесі жылы да осы оң көрсеткіш сақталса, 2025 жылдан бастап жаңа сорттар қолданысқа енеді», – деді спикер.

Егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары жүріп жатыр. 2025 жылға қарай күріш алқабы бөлінген су көлеміне қарай азайтылады. Оның орнына суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемі 8,7 мың гектарға  арттырылады. Майлы дақылдар алқабы 13%-ға, мал азықтық дақылдар алқабы 8%-ға, картоп, көкөніс, бақша дақылдар алқабы 0,5 %-ға, басқа дәнді дақылдар егісі 21%-ға ұлғаяды.