«AMANAT» партиясы жиырмадан астам әкімге сөгіс жариялады

Биыл қоғамдық қабылдау бөлмесіне барлығы 80 мыңнан астам өтініш келіп түсті.

«AMANAT» партиясы жиырмадан астам әкімге сөгіс жариялады
856

«AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитеті 21 аудан және қала әкіміне, сондай-ақ 8 мәслихат депутатына азаматтарды қабылдамағаны үшін сөгіс жариялады.

Кезекті отырыс барысында Комитет мүшелері «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмысының өзекті мәселелерін талқылады. Биыл барлығы 80 мыңнан астам өтініш келіп түсті. 20 мыңнан астам қабылдау өткізіліп, оған бас-аяғы 52 мыңнан астам адам қатысты. Мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік қамсыздандыруға – 23,4%, ТКШ – 19,5% және жұмысқа орналасуға – 9,7% қатысты. Орталық мемлекеттік органдардың басшылары 46 қабылдау өткізіп, оның барысында 200-ден астам адам қабылданды.

Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев атап өткендей, сайлаушылармен тікелей байланыс орнату – мемлекеттік және партиялық органдар атқаратын жұмыстың маңызды бөлігі саналады.

«Барлық облыс пен ауданда партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері бар. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды тетігі. Оны пайдаланбау немесе төмен деңгейде пайдалану елеулі кемшіліктер мен орынсыз олқылықтарға жол беріп қана қоймай, Мемлекет басшысының тапсырмаларын қасақана орындамау саналады. Егер біздің партия мүшелері – әкімдер, немесе депутаттар халықпен кері байланысын үзіп алса, азаматтардың арыз-шағымына, ұсыныс-тілегіне құлақ түрмесе, білмесе, тұрғындарды толғандырған мәселелерге үңілгісі келмейтін болса, онда барынша қатаң шара қабылдауымыз керек. Біз мұндай адамдармен бірге жұмыс істей алмаймыз», – деді ол.

«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев жергілікті деңгейде шешімін табуы тиіс көп мәселе бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар өз өңірінде әділдік таба алмай, Астанаға баруға мәжбүр болған жағдайлар бар.

«Бір отандасымыз әкесінің қайтыс болғаны туралы куәлік ала алмай, Мәжіліс депутатына жүгінгеннен кейін ғана оған құжат ресімделді. Тағы бір мысал, дәрігер заңсыз жұмыстан шығарылып, партияның Республикалық қоғамдық қабылдауына жүгінгеннен кейін ғана ол бұрынғы қызметіне қайтып оралды. Тәртіп орнамайынша, жұмыс жүрмейді. Адамдар партияға аймақтық филиалдардың жұмыс сапасына қарай баға береді. Партияға жүгінудің өзі партияға деген сенім деңгейінің көрсеткіші саналады. Өңірге қатысты мәселелер өңірлік деңгейде шешілуі тиіс», – деді ол.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева азаматтардың өтінішін саралау арқылы қоғамдық қабылдау бөлмелері атқаратын жұмыстың тиімділігін арттыруды ұсынды.

«Кей кезде белгілі бір себепке байланысты мәселе жедел шешілмей жатады. Мәселен, қолында барлық инстанциядан өткен сот үкімі бар адамдар келеді. Біз оған араласа алмаймыз. Бұдан бөлек, азаматтар қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгеріс енгізу туралы бастама көтеріп жатады. Бұл да дереу шешім қабылдай қоятын мәселе емес. Бір күні қабылдауыма мүлік иелері бірлестіктерінің өкілдері келді. Олармен 2,5 сағат әңгімелестік. Нәтижесінде, сол материалдарды қазір Мәжілістің жұмыс тобы қарап жатыр», – деді ол.

«AMANAT»-тың Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаева әр отандасымыз өзі қажет деп санаған басшының немесе депутаттың қабылдауына бару құқығына ие болуы тиіс деп санайды.

«Қоғамдық қабылдау бөлмелері – орталық мемлекеттік органдар, барлық деңгейдегі депутаттар мен адамдар арасындағы алтын көпір. Біз оларға билік өкілдерімен бетпе-бет кездесуге мүмкіндік береміз. Сондықтан, әр адам биліктің кез-келген өкіліне өз қалауы бойынша жазыла алуы керек», – деді ол.

Отырыс қорытындысы бойынша, Партиялық бақылау комитеті азаматтарды қабылдамағаны немесе қабылдау жұмысын жүйелі түрде бұзғаны үшін аудандық деңгейдегі 21 әкімге, сондай-ақ 8 мәслихат депутатына сөгіс жариялау туралы қаулы қабылдады. Атап айтқанда, Қосшы қаласының әкімі Г. Қасенов, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Б. Әкімов, Ойыл ауданының әкімі А. Қазыбаев, Мәртөк ауданының әкімі М. Ысқақов, Алматы облыстық мәслихатының депутаты С. Әділханов, Балқаш аудандық мәслихатының депутаты Қ. Байсын, Индер ауданының әкімі Д. Шамұратов, Құрманғазы ауданының әкімі А. Жанғалиев, Самар ауданы мәслихатының депутаты Б. Рапеков, Жуалы ауданының әкімі Ж. Мұртаза, Сарыкөл ауданының әкімі М. Шымырбеков, Ұзынкөл ауданының әкімі А. Аужанов, Жаңақорған аудандық мәслихатының депутаты Қ. Орынбасарова, Ғ. Мүсірепов ауданының әкімі Р. Анбаев, Ақжар ауданының әкімі Қ. Қалиев, Аққайың ауданының әкімі Р. Елубаев, Есіл ауданының әкімі М. Мұхамедьяров, Жамбыл ауданының әкімі М. Оспанов, М. Жұмабаев ауданының әкімі Қ. Омаров, Сауран ауданының әкімі М. Таңғатаров, Жетісай аудандық мәслихатының депутаты А. Сұлтанмұрат, Бесқарағай ауданының әкімі Т. Мұратов, Жарма ауданының әкімі Ж. Байсабыров, Курчатов қаласының әкімі Б. Абдралиев, Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Д. Жақсыбеков, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Т. Сұлтанова партиялық жауапкершілікке тартылды.

Серіктес жаңалықтары