Қазақта 40 саны неге киелі саналады?
«40 саны киелі екені рас. Қазақта «Қырықтың бірі – Қыдыр», «Бір күн ашыққан адамнан қырық күн ақыл сұрама», «Отызында орда бұзған қырығында қыр бұзбайды» деп бекер айтпаған. Бұрында ата-бабаларымыз табиғатпен байланысып, тылсым дүниенің қыр-сырын жақсы білген. Уақытпен санасып, салыстырған, зерттеген», - дейді этнограф.
Қазақтың салт-дәстүрлері 40 санымен тығыз байланысты. Мәселен, «баланы қырқынан шығару» «қайтқан адамның қырқын беру», «қызға қырық үйден тыйым», «әйел қырық жанды». Мұндай жөн-жоралғы мен ырым-тыйымдар қайдан шыққанын және түпкі мағынасын этнограф Болат Бопайұлынан сұрап көрдік.
«40 саны киелі екені рас. Қазақта «Қырықтың бірі – Қыдыр», «Бір күн ашыққан адамнан қырық күн ақыл сұрама», «Отызында орда бұзған қырығында қыр бұзбайды» деп бекер айтпаған. Бұрында ата-бабаларымыз табиғатпен байланысып, тылсым дүниенің қыр-сырын жақсы білген. Уақытпен санасып, салыстырған, зерттеген», – дейді этнограф.
Баланы қырқынан шығару
Оның айтуынша, бала туғаннан кейін қырық күн бойы қатерде болады. 40 күнде мойны бекіп, еңбегі қатаяды және бала толық қарақұлақтанады.
«Қызды 40 күнге жеткізбей 37 не 39 күн толғанда, ал ұл баланы 40 не 41 күн толғанда қырқынан шығарады. Себебі, қыз бала ұл балаға қарағанда тез ширайды. Қыз 9 жасында, ұл 12 жасында балиғатқа толатыны – содан. Рәсімді өткізгенде алдымен күміс немесе ағаш, болмаса сырлы тегенеге күміс жүзік, теңге білезік сияқты зергерлік бұйымдар салып, 40 қасық суға шомылдырады және 40 тілеу тілейді. Шашы мен тырнағын алады. Ал жас босанған әйелдің күш-қуаты азайып, әлсіреп қалатындықтан, суық тамақ жегізбейді. Сондықтан қырық күн бойы қалжаның етін жегізіп, сорпасын ішкізген. Сосын келінге алты буыннан тұратын мойын омыртқасын тісін тигізбей, қолымен жегізеді де босағаға іліп қояды. Бұл – баланың мойны тез қатайсын деген ырыммен жасалады. Сондай-ақ қырық күн бойы сәбиді күн сайын сабын, тұз, өсімдік шөбімен, шомылдырып, майлап отырады», - дейді Б. Бопайұлы.
Қайтқан адамның қырқын беру. «Қайтқан адамның жақындары жетісін, қырқын және жылын өткізеді. Мәйітті жерлегеннен кейін жеті күн сұрақ-жауап алынады. Ал қырық күн өткенде еті мен сүйегі ажырайды екен. Сондықтан осындай белгілі күндерде марқұмға бағыштап ас беру қазақ ұлтында дәстүр болып қалыптасқан», – дейді ол.
Қызға қырық үйден тыйым. Этнограф тыйымды әсіресе ұлдары көп үйдегі қыздарға салатынын атап өтті. Қыз баланы туыс-туғандары ұзатылып, ақ босаға аттап, келіп болып түскенге дейін, оның қауіпсіздігін, тазалығын, әдептілігін, сақтау үшін қырық үйден тыйған.
«Әйел қырық жанды». «Әйелдің мойнына артылған жүк – ауыр. Болмысына сай тұрмыстың қандайына болса да төзуіне тура келеді. Күш жағынан әлсіз болғанымен, ішкі жан дүниесі мен жүйкесі мықтырақ. Әйелге дүниеге бала әкеліп, оны өсіру үшін, тұрмыс-тіршілікке төзу үшін қырық жанның керек болатыны сондықтан. Әйел ер адамдарға қарағанда әлдеқайда төзімдірек келеді», - дейді Б. Бопайұлы.
Сондай-ақ этнограф адамдар басқа да өмір сүру салтында 40 санын жиі байланыстыратынын атап өтті.
«Бұрынғы заманда бүркітті, жүйрік аттарды бәйгеге салғанда да қырық күн баптаған. 40 күннен бір күн кем болса, алып үлгермейтін болған. Қазір бұл дәстүр ұмытылған. Оны тек атбегілер мен құсбегілер жақсы біледі.Тағы бір дерек келтірейін, бір өңірлерде екі жас үйленгенде «тоғыз апару» салты бар. Яғни, тоғыз қоржынға қымбат әшекей, киім-кешек, тәтті-дәмді салынады. Оны жігіт жақ апарады. Ал ерте кезде байлар өздерін бай екенін көрсету үшін 40 қоржын апарған. Яғни жағдайларын санмен білдірткен», - деп қосты маман.