"Учаске" жедел-алдын алу шарасы барысында Панфилов аудандық ПБ учаскелік инспекторлары "QazSpirits" компаниясының өкілдерімен бірлесіп, акцизсіз алкоголь өнімдерін заңсыз сақтаудың дерегін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аумақты жүйелі түрде тексеру кезінде жергілікті 38 жастағы тұрғынның ауласындағы сарайдан полиция қызметкерлері мұқият жасырылған — акциздік белгілері жоқ әрі қолдан жасалғанының айқын белгілері бар 1 197 бөтелке түрлі ішімдіктерді тәркіледі. "QazSpirits" өкілдері алынған өнімнің стандарттарға сай еместігін және тұтынушылар денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретінін растады.
Аталған факті бойынша жиналған материалдар заңда көзделген шараларды қабылдау үшін экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданады. Полиция акцизсіз және контрафактілік алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі жұмысын жалғастыруда, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауды басты назарда ұстайды.