Қатерлі дертті жеңген блогер келін шаруашылықтың бар жұмысын шырқ үйіріп отыр

Қызылорда тұрғыны қатерлі дертті қалай жеңгенін айтып берді

Қатерлі дертті жеңген блогер келін шаруашылықтың бар жұмысын шырқ үйіріп отыр
turkystan.kz
3010

Тоғжан Құдайбергенова – Қызылорда облысы Бұқарбай батыр ауылының тұрғыны. Жиырма жыл бұрын осы өңірге келін болып түскен оны ауыл жұрты жақсы таниды. Үлкендер жағы «Блогер келін» деп атайды. Өйткені бес баланың анасы бүгінде әлеуметтік желіде белсенді. Неге дейсіз ғой? Осыдан төрт жыл бұрын қатерлі дертке шалдыққан ол қиындыққа мойымай, ерік-жігерін жинап, дертті жеңіп шыққан. Оның сабырлығы мен табандылығына таңданған ақ халаттылар «Өзгелерге үлгі болып, мотивация беріңіз» деп, әлеуметтік желіде парақша ашуды ұсыныпты. Міне, содан бері ол өз тәжірибесімен бөлісіп, қайырымдылықпен де айналысып жүр. Тоғжан Құдайбергенова қатерлі дертті қалай жеңгенін turkystan.kz тілшісіне айтып берді.

Кейіпкерімізге ауыр дертке шалдыққаны жайлы диагноз 2019 жылы қойылған. Басында мән бермей жүргенмен, күн өткен сайын ауруы өршіген. Мазасы кеткен ол ауылдағы ауруханаға барады. 

«Түнімен ұйықтамай, мұрнымнан қан кеткенде ауруханаға бардым. «Тұмау» деп дәрі берген еді, бірақ көмектеспей, ары қарай ауыра бердім. Содан қалаға, Қызылордаға барып анализ алған соң, «туыстарыңызды шақырыңыз» деді. Екі әпкемді шақырдым, дәрігерлер солармен сөйлескен болатын. Әпкелерім жылап шықты. «Ауырып жүр екенсің, неге айтпадың?» деп жылап тұр. «Сенікі жеңіл сырқат емес, онкологқа қаралуың керек» деді. «Емделмейтін ауру жоқ қой, бәрі дұрыс болады» деп өзім оларды жұбатып жатырмын. Содан Алматыға баруға кеңес берді. Ол жақта тағы тексеріліп, қауіпті дерт деген диагноз қойылды. Операция жасалды, түрлі ем алдым. Әрине, оңай болмады. Талай ұйқысыз түндер өтті. Бір жарым айдай жатып, отызға жуық терапия алған мен ауылға қайттым», – деп еске алады Тоғжан Құдайбергенова.

Алайда бойын дерт меңдеп бара жатқан ол алдағы күннен үмітін үзбейді. Жаны қанша қиналып, құр сүлдері қалса да, бұл аурудан жазылатынына сенеді.

«Ауылға жеттім, күн ыстық. Тамағымнан тіпті су өтпей қалды, ұйқы жоқ. Дәрігер «жиырма күннен кейін тағы химия аласың» деді. «Оған дейін не істеймін?» деп уайымдадық, сырқат шыдатпай бара жатыр. Жолдасым «саумал іш» деп, қораға апарды. Сенесіз бе? Тамағымнан су өтпей отырған мен саумалды іштім, денеме тоқ жүргендей болды. Құлындары еміп, күншуақта жатады ғой. Сол кезде ем жүріп жатады екен ғой. Осыдан кейін ұйқым дұрыстала бастады. Жолдасым қасымда қарап отыратын. Күніне төрт рет ішемін. Ақырындап тамақ ішетін болдым. Дауысым да шықпай қалған еді, қатты сөйлесем, ішім ауыратын. Күннен-күнге бетім бері қарай бастады. Бір айдан аса уақыт өткенде  тағы анализ тапсырдым. Бәрі жақсы шықты. Ешкімге жамандық жасамасаң, ниетің таза болса, Жаратушының берері көп екен», – дейді кейіпкеріміз.

Мұндай жағдайға таңданысын жасырмаған ақ халаттылар Тоғжан Құдайбергеноваға әлеуметтік желіден парақша ашып, блог жүргізуді ұсынған екен. Өйткені, диагнозын естіген бойда көз жасына ерік беріп, үмітін сол жерде үзетіндер аз емес. Кейіпкеріміз мұндай сәтте адамның психикасы үлкен рөл атқаратынына көз жеткізгенін айтады.

«Ауруханада жатқанда қасымдағы кісілер жылап жатады. Оларды жұбатып отыратынмын. Үйге келген кезде күнде айнаға қарап, «Жақсы болып келе жатырмын, жазылып кетемін. Бала-шағамның қызығын көремін, өмір сүремін» деп айтатынмын. Алматыға барғанда анализім жақсы шыққанда дәрігерлер де қатты қуанған болатын. «Жарайсың, осындай диагнозды естігенде де, қорықпадың. Бірден беріле салатындар бар. Сен бірде-бір рет жыламадың, бәріне сабырмен қарап, шыдадың» деді. Содан міне, қазір қолымнан келгенше көмек беріп, қолдау көрсеткім келеді. Он адамның біреуіне болсын көмегім тиер. Ауылда мейрамханада істейтін әйел бар. Ол сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан болатын. Ол да «Өмір сүремін, Тоғжан сияқты жасап, күресемін» деп жүретін. Ол да жеңіп шықты. Қазір көрген сайын мені сондай жақын тартып тұрады», – дейді.

 Тоғжан Құдайбергенова қиын сәтте ағайын-туыстың ғана емес, тіпті ауыл тұрғындарының қолдауын сезінгенін айтады. Бұл осыған дейін жасаған азды-көпті жақсылығының қайтарымы болар деп топшылайды.

«Ауырып жатқанда жолдасым қарады. Түнімен ұйықтамай қасымда отыратын. Ағайын-туыстың бәрі күнде келіп көріп кететін. Өзім үлкен шаңырақта тұрамын. Сексеннен асқан атамыз бар. Өзіме келгеннен кейін естіп жатырмын, ауылдағы Мәдениет үйінде концерт болған екен. Үшінші ұлым сол жерде ана туралы ән айтыпты. Сол кезде көрермен болып отырған жұрт тым-тырыс болып, жылап отырып, «Анасы жазылып кетсе екен» деп тілеген екен. Ел-жұрттың алғысын, батасын алған қандай керемет! Балаларымды көшеде, мектепте көрген адамдар «Анаң жазылып кетсін» деп айтады екен. Ауылда көпбалалы отбасылар бар. Мал сойғызып, бәріне ет, жұма сайын ағарған тарататынмын. Жұрт соны айтып, тілеуімді тілеген екен. Келін болып түскелі кімнің үйінде қандай жиын болса, қалмай, барып қызмет етуге тырысамыз. Ағайының соған риза болып, қиналғанда демеу болады екен», – дейді Тоғжан Құдайбергенова.

Кейіпкеріміз бүгінде оқырмандарымен бірлесіп, қайырымдылықпен айналысып жүр. Ол жиналған қаржыға ауылда үйі өртенген екі отбасыға баспана сыйлады. Оның бұл игі бастамасына ауыл әкімі де қолдау білдірген екен.

«Екі отбасыға үй алып бердік. Ауыл жұрты бір дастарқан басында жиналып, қызмет еттік, Құран бағыштадық. Мұндай сәттерде ақсақалдардан кеңес сұраймыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осылай бір-бірімізді қолдап жүреміз. Бұл – ауыл жұртының ауызбіршілігі. Кімнің үйінде той, жиын болады, бәріміз сонда барып көмектесеміз. Ағайынмен сөйлесіп, арқа-жарқа болып қаламыз. Қазір әлеуметтік желіде курс өткізетіндер көп. Шетелдің тәжірибесін, менталитетін үлгі қылып көрсеткісі келеді. Ол жастарға әсер етіп жатыр. Шындығында, өзіміздің ұлттық болмысымыз қымбат. Салт-дәстүріміз бар, үлкендердің әңгімесі тұнып тұрған өнеге. Ауыл адамдарының әңгімесін тыңдап, рухани азық аламыз. Қалаға барғанда байқағаным, бәрі таңертең жұмысқа кетеді, кешке келеді, бір-бірін көрмейді. Әрқайсысы бөлек тамақ ішеді. Ал ауылда кешке бәріміз жиналмай дастарқан жаймаймыз. Бірге отырып, шай ішеміз, атамыздың әңгімесін тыңдаймыз. Дегенмен қайда жүрсек те, мейіріміміз азаймаса екен», – дейді кейіпкеріміз.

Тоғжан Құдайбергенова бұған дейін шағын бизнесті қолға алып, торт пісірген. Ал қазір ауруынан айыққан соң түйе сауып, оның өнімін жұртшылыққа ұсынып жүр. Бүгінде отбасымен мал шаруашылығымен айналысады. Жылқыны ерттеп мініп, темір тұлпарды да тізгіндейтін ол шаруашылықтың бар жұмысын шырқ үйіріп отыр. «Ауыл келіні үшін нағыз фитнес – осы», –дейді ол.

Серіктес жаңалықтары