Этникалық қазақ Руслан Абдуллаев бокстан Өзбекстан чемпионы атанды (ВИДЕО)

63,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль үшін өткен жекпе-жек үш раундқа созылды.

Этникалық қазақ Руслан Абдуллаев бокстан Өзбекстан чемпионы атанды (ВИДЕО)
Фото: sports.kz

Өзбекстан атынан сынға түсетін этникалық қазақ Руслан Абдуллаев Ташкентте өтіп жатқан бокстан Өзбекстан чемпионатының финалында Мужибилло Тұрсыновпен жұдырықтасты, деп хабарлады turkystan.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.

63,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль үшін өткен жекпе-жек үш раундқа созылды. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Абдуллаев жеңіске жетті. Бірінші раундта төреші Тұрсыновқа нокдаун санады.

Осылайша Абдуллаев бокстан Өзбекстан чемпионатында алтын алса, Тұрсынов ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Айта кетейік, Руслан Абдуллаев қазіргі әлем чемпионы. Ол биыл Ташкентте алтын медаль жеңіп алған болатын. Сонымен қатар 2022 жылғы Азия чемпионы. 2019-2020 жылдары Қазақстанға келіп, жергілікті турнирлерде өнер көрсетіп, Қазақстан құрамасына кіруге тырысты. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты спортшы Өзбекстанға оралуға мәжбүр болды.