Астана мен Шымкентте заңсыз өндірілген алтын бұйымдар сатылған

Іс бойынша бес адам күдікті деп танылды.

Астана мен Шымкентте заңсыз өндірілген алтын бұйымдар сатылған
Видеодан кадр
1191

Астана мен Шымкентте заңсыз өндірілген алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар сатылған. Бұл туралы turkystan.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Ақмола облысының, Астана және Шымкент қалаларының аумағында бір топ тұлға аса ірі көлемдегі бағалы металдардың заңсыз айналымымен айналысқан.

«Олардың қызметін аймақтық прокуратураның үйлестірумен ҚМА Ақмола облысы бойынша департаментінің қызметкерлері әшкереледі. Алтынды заңсыз өндіру, сатып алу, өткізу мен одан есепке алынбаған зергерлік бұйымдарды жасау және оларды сату бойынша барлық схема анықталған», – делінген хабарламада.

2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін бес күдікті Бестөбе кентінде «қара іздеушілер» заңсыз өндірген және қайта өңдеген алтынды сатып алумен айналысқан.

Кейіннен алтын құймалары жолға қойылған арналар арқылы жеткізіліп, жерасты цехтарында белгілі сауда маркаларының есепке алынбаған зергерлік бұйымдары дайындалып, Астана мен Шымкент сауда үйлерінде сатылған.

«Тінту барысында 35 млн теңгеден астам сомаға 99,5% алтын бар 1 килограмнан астам алтын құйма және сатуға дайындалған 335 зергерлік бұйымдар тәркіленді», – делінген хабарламада.

2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қазанға дейін күдіктілер арасындағы ақша айналымы 300 млн теңгеден асты.

Іс бойынша бес адам күдікті деп танылып, оның үшеуіне қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

 

Серіктес жаңалықтары