Жыл соңына дейін 3,6 мың үлескер баспаналы болады – Елорда әкімі

«Elorda Zhastary» жеңілдетілген жастар тұрғын үй бағдарламасы бойынша 1,9 млрд теңгеге 112 займ берілді

Жыл соңына дейін 3,6 мың үлескер баспаналы болады – Елорда әкімі
ашық дереккөз

Жыл соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған нысандардың 3 мың 600 үлескері баспана кілтін алады, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

«Азаматтарды апта сайын жеке қабылдаймын. Көтерілетін мәселелердің бір бөлігі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына қатысты. Тұрғын үй мәселесі жөнінде біз бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргіземіз: құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау, жеңілдетілген қолжетімді тұрғын үй салу, апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерді бұзу», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
 

Оның айтуынша, кезекте тұрғандар арасында түрлі санаттар бойынша 1,4 мың отбасы баспаналы болды.

«Сол сияқты жыл соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған нысандардың 3 мың 600 үлескері баспана кілтін алады. «Elorda Zhastary» жеңілдетілген жастар тұрғын үй бағдарламасы бойынша 1,9 млрд теңгеге 112 займ берілді», – деді Астана әкімі.

Жеңіс Қасымбек айтуынша, сонымен қатар, апатты күйдегі үйлерді бұзу және тұрғындарға жаңа тұрғын үй беру ісін есепке алғанда, тұрғын үй қорын жаңартуды белсенді жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта 2029 жылға дейін бұзылатын апатты үйлердің тізімі жасалды. Тізімге 4 710 пәтері бар 206 апатты үй енгізілді.