Көмектесуге асығып тұрады: Қостанайлық жас белсенділер әлеуметтік эксперимент өткізді
25 қараша – Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күні
Ер адам агрессивті күйде жанындағы әйелге қорлық көрсетіп жатса, көмек көрсетуге дайынсыз ба? Сізде екі таңдау: көпшілік арасында үнсіздік сақтап, елемегендей болу немесе зорлық-зомбылыққа қарсы шығып, көмек қолын созу.
Қостанай облысының «Жастар Рухы» Жастар қанаты қаладағы халық көп жиналатын орындарда әлеуметтік эксперимент жасап, адамдардың зорлық-зомбылыққа төзбеушілік деңгейін сынап көрді.
«25 қараша – Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күні қарсаңында көпшіліктің назарын осы мәселеге аударып, оң жағынан резонанс тудыруды шештік. Эксперимент кезінде қыздар арасында көмекке келуге қорыққандары да болды. Ащы шындық болса да, бұл біздің қоғамдағы кейбір қауқарсыз әйел затының бейнесі. Кез-келгеніміз осындай жағдайға тап болуымыз мүмкін, буллинг немесе зорлық-зомбылық болсын, одан ешкім толықтай сақтанбаған. Сол себептен, зорлық-зомбылықтың қандай түріне тап болсаңыз немесе куә болсаңыз, көмектесіп, полиция шақыруға асығыңыз», – дейді «Жастар Рухы» Қостанай облыстық филиалының төрағасы Аружан Сәрсенбаева.
Бейнероликтен байқағаныздай, алғаш көмекке жас жігіт асықты. Ал екіншісінде нәзік жанды полиция қызметкері өзінің шетте қарап қалмайтынын жеткізді. Жастар қанаты белсенділерінің көргісі келгені де – дәл осындай жандардың көмекке асығуы.
Сонымен қатар, бүгін жастар Қызылорда және Жезқазған қалаларында студенттер арасында атаулы тақырыпқа қатысты сауалнама жүргізді. Оған 200-ден астам студент қатысып, өз пікірлерін жеткізді.
Айта кетейік, белсенділер еліміздің түкпір-түкпірінде ауыл және қала тұрғындары арасынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әлеуметтік сауалнама жүргізді. Оған 250-ге жуық азамат қатысып, басым көпшілігі әйелдерге қол көтеруге немесе қиянат жасауға қарсы екендіктерін айтты.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап «Бақытты отбасы» жобасы аясында «AMANAT» жанынан балалардың құқықтары мен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық жағдайлары бойынша «111 шұғыл қызметі» іске қосылды. Үш жыл ішінде қызмет мамандары 50 мыңға жуық отбасына көмек көрсетті. Өтініш берушілердің 82,6% – ы әйелдер, 17,4% - ы ер адамдар. 68% - дан нақты көмек көрсетілді, ал 32% - дан анықтамалық сипаттағы түсініктемелер берілді. Қоңыраулардың 43,4%-ы атаулы әлеуметтік көмек алу, 7% – ы психологиялық және заң көмегі, 3,6% – ы білім беру, қорғаншылық және қамқоршылық мәселелеріне қатысты болды.
Қазір бұл қызмет «111 «AMANAT» - байланыс орталығы» деп аталады, бұл отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін ұлттық желі. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін 111 бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіне 101, 102, 103 және т. б. нөмірлермен тең енгізілді.