Жастар үлгі көрсетті: Ақтөбеде вандализмге қарсы күрес акциясы жүріп жатыр

«AMANAT» партиясының белсенділері автобус бекеттері, ғимарат сырты мен балалар алаңдарындағы жазбаларды өшіруді қолға алды.

Жастар үлгі көрсетті: Ақтөбеде вандализмге қарсы күрес акциясы жүріп жатыр

«Вандализмге жол жоқ!» деп ұрандаған жастар тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтап қалумен қатар, қала ішіндегі вандализмге де қарсы күреспекші. Бұл – Президенттің «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүргізіліп жатқан іс-шаралар кешені.

         Осы айда басталған эко-акция арқылы белсенділер еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру жұмысына көпшіліктің назарын аударса, ендігі кезекте олар қала ішіндегі вандализмге қарсы күресу жұмысын насихаттауды көздейді.

«AMANAT» партиясының белсенділері автобус бекеттері, ғимарат сырты мен балалар алаңдарындағы жазбаларды өшіруді қолға алды. Автобус бекеттерінде ілулі тұрған қаптаған жарнама жапсырмаларын да алып тастады.

«Жастар Рухы» Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Тыныштық Әлішердің айтуынша, осындай акциялар арқылы вандализмнің алдын алып, тәртіп бұзатындардың саны азаяды.

«Табиғатқа, тұрып жатқан қалаға деген махаббатты тастар мен орындарға жазу жазып, бүлдірмей, айналаға қоқыс тастамай, қоршаған ортаға қамқорлық таныту арқылы да білдіруге болады. Біздің артымыздан жинайтын, жуатын адам бар деп немқұрайлы қарауға болмайды. Былтыр бастау алған «Тазаlike» акциясына атсалысып, барша қазақстандықты тазалыққа шақырамыз», –  дейді   Тыныштық Әлішер.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ведомстволардың басшыларымен кездесуде «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету бойынша тапсырма берген болатын. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін жағдай қалыптастыру қажеттігін баса айтты.

Әр қалада жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдерінің шимайланғанын көре аласыз. Дәл осындай жерасты өткелін кеше Павлодарлық белсенділер тазартса, бүгін ақтөбеліктер Әбілқайыр хан даңғылындағы жерасты өткелін тазартуға кірісіп кетті.

Белсенділердің жұмысын бақылаған Атырау тұрғыны өз ризашылығын білдіріп, осындай акциялардың жалғасуын қолдады.

«Жастардың жерасты өткелін тазартып жатқанын көзім шалып қалды. Егер әр ата-ана балаларына ненің болатыны мен болмайтынын түсіндіріп, тазалық пен тәртіпті үйретсе, қаламыз әлдеқайда таза болар еді. Себебі тәрбие мен тәртіп, ең алдымен, отбасынан басталады. Ал тазалықты жаны сүйген жастарға алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тілеймін», – дейді Анапия Бектенқызы.

Мұнымен қоса Абай облысының жастары «Күшікбай» тарихи ескерткішінің аумағын қоқыстан тазартса, Қостанай мен Петропавл белсенділері ақпараттық материалдар тарату арқылы қала тұрғындарын вандализммен күресуге үндеуде.