«Аққулардың тілін бір өзі тапқан»: Асанәлі Әшімов «Қыз Жібек» фильміндегі Нұрғиса Тілендиевтің еңбегі туралы айтты

Биыл «Қыз Жібек» фильмінің түсірілгеніне – 55 жыл.

«Аққулардың тілін бір өзі тапқан»: Асанәлі Әшімов «Қыз Жібек» фильміндегі Нұрғиса Тілендиевтің еңбегі туралы айтты
Фото: ашық дереккөз

Халық әртісі Асанәлі Әшімов «Мархабат» бағдарламасында «Қыз Жібек» фильмінің түсірілім жұмыстары туралы айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

Фильмді түсіруге екі жарым жылдай уақыт кеткен. Актердің айтуынша ең қиыны аққулармен түсірілген сәт болыпты. Олармен ешкім тіл табыса алмаған. Күйші Нұрғиса Тілендиев қана олардың тілін таба білген екен.

«Аққу құсының жаратылысы мен болмысы қазақ ұлтына келеді. Топ-топпен бөлініп алып, жүзіп жүреді. Қазақтардың руға бөлінгені сияқты. Басы бірікпей, әрқайсысы әр жақта жүзіп жүрді. Бізге бірігіп әрі камераға жақындап ұшқаны керек. Бір кезде Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі қойылып еді, күйді естіген аққулар режиссер отырған жаққа қарай топ болып жүзіп келді. Сол көрініс сәтті шығып, кадрға ілінді. Күйдің құдіретін сол кезде түсіндім. Жалпы фильмнің сәтті шығуының жартысы – Нұрғисаның еңбегі. Күндіз-түні бір тынбай музыка жазумен айналысты. Өз көзіммен көргенім, жаз мезгілі, ми қайнайтын ыстықта шатырдың ішіне кіріп алып, жалаңаш шешініп тастаған малдас құрып күй шығарып отыр екен. Қазіргі режиссерлер композиторына тастайды да кете береді ғой, ол түсірім алаңына келіп, кадрды көзімен көріп отырып музыка жазды. Фильмде Жібек пен Төлегеннің оңаша қалатын кезі бар, сол кезде Жібек моншағын үзіп жібереді. Моншақ шашылып түскенде қозғалып ерекше дыбыс шығарды. Соны Нұрғиса көріп отырып, билеген моншақтарға қарап музыка жазды», – деп еске алады актер.