Әр бала Ұлттық қордан үлес алады

16 қарашада Мемлекет басшысы Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы заңға қол қойды.

Әр бала Ұлттық қордан үлес алады
ашық дереккөз
966

Енді әр бала Ұлттық қордан үлес алады. 16 қарашада Мемлекет басшысы Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы заңға қол қойды. Бұл бастаманы Президент халыққа Жолдауында өзі ұсынған еді.

Президент Жолдауында балалар кәмелет жасына толғанға дейін Ұлттық қордың жыл сайынғы ин­вес­ти­ция­лық табысының 50 пайызын арнайы жинақ­тау­шы шот­тарға аудару туралы бастама көтерген бо­ла­тын.  18 қара­шада Парламент заңды қабылдап, Пре­­­­зидентке жіберді. 
Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда «Ұлт­­тық қор – балаларға» жобасы іске қосылатын бол­­ды.  
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент осы заң­ға халқымыздың саны 20 миллионға жеткен кү­ні қол қойғанын жақсы ырымға балады.
– Бүгін Мемлекет басшысы өте маңызды заңға қол қой­ды. Бұл – Ұлттық қордан балаларға арналған қара­жатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері туралы құжат.  
Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сай­­лау алдындағы бағдарламасында көрсетілген не­гізгі бас­таманың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» ат­ты жо­баны жүзеге асырудың заңнамалық негізі қа­лыптасты.  
Президент осы заңға халқымыздың саны 20 мил­­лион­ға жеткен күні қол қойды. Мұның символ­дық мәні бар деуге болады, – деп пікір білдірді Мем­ле­кеттік кеңес­ші.

Қор құрылғанда көздеген мақсат

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, тоқ­са­ныншы жылдарындағы өтпелі ке­зеңнен, экономикалық қиындықтардан әу­пірімдеп ес жиған шақта, 2000 жылы Ұлттық қор құру туралы шешім қабылданған еді. 
Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру жә­не пайдалану қағидалары Бюджет ко­дек­сінде жазылған. Активтерін Ұлттық Банк бас­қарады, қызметін Ұлттық қорды басқару кеңе­сі үйлестіреді. Онда қорды толықтыру көз­дері туралы да ақпарат бар. 
Атап айтқанда, мұнай секторы ұйым­дары­нан түсетін тікелей салықтар, республи­калық меншікті жекешелендіруден түсетін түсімдер және тағы да басқа қаражат осы қор­ға құйылады. 
Жалпы, ұлттық қордың активтері екі портфельге бөлінеді: жинақтаушы және тұ­рақ­тандырушы немесе реттеуші. Яғни, сәй­кесінше, қордың екі қызметі бар. Сонымен қа­тар әр портфельдің функциясына байла­ныс­ты әртүрлі құралдар бекітілген. 
Дегенмен бұған дейін, қазір де Ұлттық қор­дағы қаражаттан теңгенің айырбас баға­мы­на және инфляцияға байланысты мәсе­ле­лерді реттеу, дағдарысқа қарсы саясат жүр­гізу, қаржы секторын тұрақтандыру, жылжы­май­тын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, халықты жұмыспен қамтуды қолдау, инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру сияқты бастамаларға қыруар қаражат бөлініп келеді. Ал қор құрыл­ғанда, әу баста, болашақ ұрпақ игілігіне арналатыны айтылған болатын. Енді, міне, ұрпақ қордың игілігін көрмек.

Қаражат қалай беріледі?

Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық та­бысының 50 пайызы арнайы шотқа жібері­леді. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәме­леттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ал 2024 жылы 18 жасқа толатын балалардың шо­тына 1 ақпаннан кейін қаражат аудары­лады. 
Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашу­дың қажеті жоқ. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жобаға қатысуға 9 банк өтініш бергенін, олардың барлығы арқылы ақша алу мүмкіндігі болатынын айтқан еді.
Ақшаны балалар шешіп алғанға дейін ол доллармен сақталып, Ұлттық қор шешімімен инвестицияланып, табыс әкеліп отыруға тиіс. Жоба аясында алған қаржыны оқу ақысын төлеуге немесе тұрғын үй алуға жұмсауға бо­лады. Ата-аналар баласының шотына тү­сетін қаржыны БЖЗҚ немесе еGov арқылы тек­серіп отыра алады.

Әр баланың үлесі қанша?

Алдын ала болжамға сүйенсек, 2024 жылы 18 жасқа толатын азаматтар бір жылда 160–170 АҚШ долларын алады. Ал биыл дүниеге келген балалар 18 жасқа толғанда, 3,5 мың АҚШ долларын  алуы мүмкін.
Мемлекет басшысы бастаманы ұсын­ғанда, «балалар қанша қаражат ала­ды?» деген сұрақ қызу талқыланған еді.
Президенттің сол кездегі баспасөз хат­шы­сы Руслан Желдібай қаражат көлемін бір­ден айтқан болатын.
– Президент бастамасымен «Ұлттық 
қор – балаларға» жаңа бағдарламасы іске қо­­­сылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа толғанша ба­лалардың арнаулы есепшотына аудары­ла­ды. Ол қаржы балалар кәмелет жасына тол­ған соң олардың баспана немесе білім алуы­на жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есе­бінше, әрі елімізде жыл сайын шамамен 400 мың сәби дүниеге келетінін ескерсек, 18 жас­қа толғанша қазақстандық әр баланың есеп­шотында кемі 3 мың долларға тең қара­жат жиналады, – деді Руслан Желдібай.
Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйен­сек, Ұлттық қор құрылғалы бері 25,5 трил­лион теңгеден астам инвестициялық табыс тауыпты. Оның шамамен 77 пайызы немесе 19,8 триллион теңгесі валюта бағамының айырмасынан түскен, яғни долларға шақ­қан­да теңгені девальвациялаудан түскен қаржы.

Қорыта айтқанда, бұған дейін қиындықтан құтқаратын, тығырықтан шығаратын жәрдемшіміз болып келген Ұлттық қордан балалар үлес алатыны – қуанышты бастама. Ел байлығының титтей бөлшегі балалардың болашағына бастар баспалдақтың алғашқы сатысын құруға сеп болса, бұл – қордың ең басты міндетінің есімізден шықпағаны болар еді.

Серіктес жаңалықтары