Халықтың санына ғана емес, сапасына да басымдық беру қажет – сарапшы

Қазақстанда халық санының өсу көрсеткіші тоқтаған жоқ.

Халықтың санына ғана емес, сапасына да басымдық беру қажет – сарапшы
ашық дереккөз
1182

Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы, демограф Шынар Төлешова Turkystan.kz тілшісімен сұхбаттасты.

Әңгіме Қазақстан халқы санының 20 млн адамға жетуі төңірегінде өрбіді.

– Бүгін Президент өзінің твиттерінде халқымыздың саны 20 миллионға жеткенін жариялады және көпшілікті құттықтады. Шынымен бұл – үлкен жетістік. Енді, осыған қалай жеттік деген мәселеге келейік. 2012 жылдан бері Қазақстанда көші-қонның теріс мәні қалыптасты. Елімізге келетіндерден кететіндердің саны басым болды. Десек те демографиялық көрсеткіш төмендеген жоқ. Себебі табиғи өсім қалыпты жағдайын сақтап тұрды.

– Пандемия демографиялық өсімге кері әсерін тигізді ме?

– 2020-2021 жылдары, пандемия кезінде өлім-жітім көп болды. Үлкен жоғалтуларды бастан кешірдік. Адамдардың өмір сүру ұзақтығы қысқарды. Алайда халық санының өсу көрсеткіші тоқтаған жоқ. Бұған сол кездерде жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі дәлел. Мысалы орта есеппен алғанда 2021 жылы бір әйелге - 3,1 баладан, 2021 жылы бір әйелге - 3,3 баладан келді. Яғни ең жоғары көрсеткіш осыдан 2 жыл бұрын тіркелді. Демографтар мұны «Бэйби бум» дейді.

– Бұдан кейінгі жылдарда демографиялық жағдай қалай болды?  

– 2022 жылдан бастап адамдардың өмір сүру ұзақтығы ұлғайды. Бұл көрсеткіш 4,2 жылға өсіп, адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жетті. 2022 жылдан бастап көші-қонның теріс мәні қысқарып, - 6700 адамды құрады. 2023 жыл аяқталмағанына және статистикалық деректердің қоры қалыптаспағанына қарамастан, оң сальдо тіркелетін түрі бар. Бұған көрші елдегі геосаяси жағдайға байланысты Қазақстаннан қоныс аударушылар легінің азаюы мен Қазақстанға көшіп келушілер санының көбеюі себеп болып тұр.

– Қазақстан халқы санының өсуіне қандай фактор әсер етті деп ойлайсыз?

– Негізгі 3 факторды атап көрсете аламын. Бірінші фактор туу көрсеткішінің жоғарылауы, екінші фактор өлім-жітімнің азаюы, үшінші фактор көші-қонның оң нәтиже көрсетуі. Жалпы, елімізде өлім-жітім пандемияға дейін азайып келе жатқан болатын. Пандемия кезінде ғана өлім-жітім көбейіп кетті.   

– 20 млн халық аз ба, көп пе?

– Бұл мәселені біржақты емес қарауға болмайды. Әр қырынан қарастыру қажет. Территория тұрғысынан келсек, әрине аз. Экономикалық әлеует тұрғысынан қарасақ, сұрақ туындауы мүмкін. Бізде жастар көп. Оларды жұмыспен, баспанамен қамту көрсеткіші қандай? Осы сұрақтың өзектілігін жою қажет. Өңірлерде де шешімін таппай жатқан маңызды мәселелер бар. Урбанизация процесі қатты жүріп жатыр. Жастар Астана, Алматы қалаларына ағылуда. Бұл әлеуметтік мәселелерді күшейтуде. Халықтың санымен қатар мәселесін шешуге де ерекше назар аударған абзал.  Халықтың жас ерекшелігін, экономикалық белсенділігін, сапасын үнемі бақылауда ұстау керек. Бұл түбірлі мәселе. Сондықтан халықтың санына ғана емес, сапасына да басымдық беру қажет.

– Әңгімеңізге рахмет

Сұхбаттасқан Абылай Бейбарыс

 

 

Серіктес жаңалықтары