Елдің мазасын алған әйел пойыздан түсірілді
Азаматша бұған дейін де тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Астана-Шымкент бағытындағы жолаушылар пойызы Шу стансасына келгеннен кейін желілік полиция бөлімінің қызметкерлері масаң жолаушыны акт бойынша пойыздан түсіріп алды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Тексеру барысында көлік полицейлері Түркістан облысының 34 жастағы тұрғынын анықтады. Ол қоғамдық орында масаң күйінде болған және түнгі уақытта жолаушылардың тыныштығын бұзған», - деді Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі «алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу», 437-бабының 2-бөлігі «тыныштықты бұзу» бойынша бірден екі әкімшілік хаттама толтырылып, оған 15 АЕК (51 750 тг) мөлшерінде айыппұл салынды.
«Айта кетсек, аталған азаматша бұған дейін тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған», - деді полиция полковнигі.