Қазақстанда мәйіт транплантациясын дамыту керек – маман

Қазіргі кезде елімізде 3 919 пациент донор күтіп жүр.

Қазақстанда мәйіт транплантациясын дамыту керек – маман
Turkystan.kz
1382

Қазақстанда 4 мыңға жуық науқас ағза ауыстыру үшін донор күтіп жүр. Олардың саны күту парағына тіркелмегендерді қосқанда 10 мыңға жуықтап қалды. Белгілі болғандай, науқастарға 3 574 – бүйрек, 178 – бауыр, 16 – өкпе, 146 – жүрек трансплантациясы қажет. Трансплантация жасау ісі неліктен кенжелеп тұр? Мәйіт донорлығының дамуына не кедергі? Turkystan.kz сайтының тілшісі бұл өзекті сұрақтың жауабын білу үшін Ұлттық ғылыми онкология орталығы Ағза транспланттау секторының аға ординаторы, хирург, трансплантолог-дәрігер Мэлс Асықбаевпен сұхбаттасқан еді.

Трансплантологтың айтуынша, елімізде 2012 жылға дейін жылына 5-10 ағза ауыстыру отасы жасалған. Бертін келе мемлекет қолдау көрсетіп, бұл іс бұрынғыдан ілгерілей түскен. Жалпы, Қазақстанда алғаш рет бүйрек транплантациясы 1979 жылы Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы хирургия орталығында жүзеге асырылған.

«Трансплантациялауға қатысты статистика негізі 2012 жылдан бастап жүргізіліп бастады. Тиісінше, соңғы 11 жылда жүргізілген тәжірибе нәтижесінде 1 700-ге жуық  науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалынды. Донордың 90-95 пайызы науқастың туыстары болса, 5 пайызы ғана – мәйіт донорлығы. Донор тапшылығын, ағза трансплантацияның аздығын осыған қарап болжай берсек болады.

Шетелмен салыстырып қарайтын болсақ, әлемде бүйрек трансплантациясын жасауда Еуропадағы Испания елі көш бастап келеді. Ол жақта ағза 98 пайыз мәйіт донорлығынан, 2 пайыз тірі адамнан алынады. Ал елімізде бұл статистика кері кетіп тұр. Биыл 150-ге жуық ота туысқандардың донор болуы, 4-еуі мәйіт донорлығы арқылы жасалынды. Бұл – өте аз», – дейді маман.

Сондай-ақ ол донор болуға кез келген мәйіт жарамайтынын айтты.

«Туған-туыстардың өздері тіпті донор бола алмайды. Донор болу үшін тіндік сәйкестігі, қан тобы тексеріледі. Біз бас-миы өлімі тіркелсе ғана, туысқандарынан рұқсат сұраймыз. Рұқсатсыз ешқандай ағза алынбайды. Айта кетерлік жайт, іш, кеуде жарақатынан немесе жүрегі тоқтап қайтыс болғандар донор болуға жарамайды. Себебі оның органдары жарамсыз болып қалады. Жұрт аузында шындыққа сай келмейтін әңгімелер көп. Мысалы, мәйітханада жатқан адамның органдарын немесе жоғалып кеткен адамдардың бүйрегін алған дегендей ақпарат ел ішінде кеңінен таралып жүр. Бұл – жалған мәлімет. Өйткені биологиялық өлім тіркелген кезде орган жарамсыз болып қалады. Ал негізсіз орган ауыстыра салу мүмкін емес. Өйткені бір операцияны жасауға қаншама дәрігер қатысады.

Біздің елде орган ауыстырудың заңсыз жолдарын жою үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы, ота жасалғаннан кейін науқасқа берілетін дәрілер дәріханада сатылмайды. Оны база арқылы науқастың тұрғылықты жерінде орналасқан емханадан ғана ала алады.

Көп жағдайда туысқандар мәйіт донорлығына қарсы болып жатады. Олардың ойынша, орган ауыстыру – дінге қарама-қайшы нәрсе. Елде көп насихатталмағандықтан әрі ақпарат аздығынан осылай болып отыр деп санаймын. Сондықтан мәйіт транплантациясын дамыту үшін ашық есік күндерін жиі ұйымдастыруға тырысып жүрміз», – дейді дәрігер.

Қазан айындағы көрсеткіш бойынша, күту парағында тұрған 3 919 пациент донор күтіп жүр. Оның ішінде науқастардың 3 574-і бүйрек, 178-і бауыр, 16-сы өкпе, 146-сі жүрек трансплантациясына зәру. Дәрігер бұл статистика жылдан жылға өсіп келе жатқанын айтады. Мәселен, 2016 жылы күту парағында бүйрек бойынша 2 400 мұқтаж адам болған. Ал жалпы Қазақстанда бүйрек ауруы 10 мыңға жуық адамда тіркелген.

М.Асықбаев донорлар қандай тексерістерден өтетінін түсіндіріп өтті.

«Шешім шығарылғаннан кейін этикалық комиссияға құжат жіберіледі. Олар екеуінің туысқандық қарым-қатынасын тексереді. Себебі бізде сатып алу және сату заңға қайшы. Алдымен ешкімді күштеп мәжбүрлеп отырмағанына көз жеткізілуі керек. Осындай кезеңдерден өткен соң ғана ота жасалады. Мәйіт донор пайда болған кезде оның қанын арнайы бағдарламаға саламыз. Сосын тіндік сәйкестік бойынша автоматты түрде мұқтаж пациенттерді анықталады», – дейді ол.

ҰҒОО маманың айтуынша, донорға мұқтаж науқастар кеңес алу үшін алдымен трансплантолог дәрігерлерге жүгіну керек. Оны МӘМС бойынша тегін түрде немесе клиникаларда ақылы түрде алуға болады. Мұндай ота Қазақстан азаматтары үшін тегін жасалады.

«Бүйрек трансплантолгиясын жасауға кем дегенде 30 адам қатысады. Ал бауырға кем дегенде 50 адам қатысады. Донордан бүйректі алып, реципиентке салу уақыты 5-6 сағатқа созылады. Органын ауыстырған пациенттер кейін бүйрекке әсер етпейтін иммуносупрессивті дәрі-дәрмектер ішіп, күтінеді. Ол дәрілерді де мемлекет тегін береді. Науқас үнемі дәрігердің бақылауында болады», – дейді транплантолог.

Оның айтуынша, елдегі трансплантолог дәрігерлер жыл сайын білімін жетілдіріп, озық үлгідегі технологиямен жұмыс істейтін шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып отырады.

«Дүниежүзі бойынша қандай жаңа технологиялар енгізіліп жатқаны туралы баяндамалар оқылады. Бұл жаңашылдықтан қалыс қалмау үшін біздің дәрігерлер де жыл сайын шетелдерге барып, тәжірибесін арттырып келеді. Мәселен, бізде Испания, Оңтүстік Корея, Түркияға барып тәжірибе жиған дәрігер көп», – дейді Мэлс Асықбаев. 

Серіктес жаңалықтары