Қосылған құн салығы: Салық саясатында бизнес пен мемлекет мүддесінің теңгерімі ескерілуі тиіс
2025 жылы қосылған құн салығын 12%-дан 16%-ға өсуі мүмкін.
Сенатор Ләззат Рысбекова министрлер кабинеті бизнеске салық ауыртпалығын ұлғайтпайтын балама нұсқа ұсынуы тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Turkystan.kz.
Депутат қосылған құн салығы 12%-дан 16%-ға дейін өссе шағын және орта бизнестің қадамына тұсау салынуы мүмкін екенін айтты.
«Жүйелі проблема шағын және орта бизнес саласында салық саясатының жетілдірілмеуіне байланысты болып жатыр. Қазір дәл осы мәселе бойынша кәсіпкерлер келіспеушіліктерін білдіруде. Бірінші кезекте бұл қосылған құн салығына қатысты, яғни оның мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін өсіру ескерілген. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін көтеру мәселесі жан-жақты зерделеуді және отандық кәсіпкерлермен талқылауды қажет етеді деп санаймыз. Сонымен қатар Үкімет бизнеске салық ауыртпалығын ұлғайтпайтын балама нұсқаларды қарастыруы керек», – деді Л. Рысбекова.
Депутат салық саясатында бизнес пен мемлекет мүддесінің теңгерімін ескеру керек екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, фискалды іс-шаралар шағын бизнесті нығайтуға, яғни ірілендіруге бағытталуы тиіс.
«Өкінішке қарай, қазір көңіл көншітпейтін жағдайды байқап тұрмыз. Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілерінің ұсақталып жатқанын көріп жатырмыз. Осыдан шағын кәсіпорындар саны айтарлықтай өсіп келеді. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл үрдіске әсер ететін себептердің 80%-ы қазіргі салық жүйесіне байланысты. Ал 20%-ы шағын кәсіпкерлікке көбірек бағытталған мемлекеттік қолдау қадамдарына қатысты», – деді Л.Рысбекова.
Айта кетейік, Қазақстан 2025 жылы қосылған құн салығын 12%-дан 16%-ға, яғни 4%-ға, ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ұлттық экономика министрлігі ілгерілетіп жатқан бастамаға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қарсы. Ұлттық палатадағылар қосылған құн салығының мөлшерлемесін ұлғайту емес, керісінше 12%-дан 10%-ға дейін төмендету қажет деп санайды.
Бизнес субъектілері мен депутаттар тарапынан қарсылыққа тап болып жатса да, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров алған бетінен қайтқысы келмейді. Ол «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысын қолдамайды.
«Қараңыздаршы, қосылған құн салығының 20%-дан 12%-ға төмендегенде көлеңкелі экономика жоғалған жоқ. ЭЫДҰ елдерінде қосылған құн салығы 20%-ды құрайды, ал көлеңкелі экономикасы шамамен біздегідей. Бізде қосылған құн салығын төлейтіндер көп емес. Тіпті 6%-дан аз. Салық төлеушілердің басым бөлігі ерекше режимде, олар бөлшек салық, жеңілдетілген салық төлейді. Оларға қосылған құн салығы базалық мөлшерлемесінің жоғарылағаны әсер етпейді. Біз қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесінің жоғарылауы 2025 жылы инфляцияға 1% шегінде бір рет әсер етуі мүмкін екенін болжап отырмыз», – деді Ә.Қуантыров мәселенің мән-жайын баяндағанда.
Естеріңізге салайық, елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Кәсіпкерлерге жан-жақты және кешенді қолдау көрсетілуде. Шағын және орта бизнесті тексеруге 3 жыл мораторий жарияланған. Мораторий 2023 жылдың соңына дейін қолданыста болады.