Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев Астанада Үкіметаралық кеңестің 13-ші отырысын өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Астанаға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 13-ші отырысы шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту әлеуетіне тоқталды. Сауда, өнеркәсіп кооперациясы, инвестиция, энергетика, су саласы, АӨК, көлік-логистика, туризм және тағы басқа да салалардағы өзара іс-қимылға назар аударылды.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы осы жылдың 8 айында 21%-ға өсіп, $1,4 млрд-ты құрады.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың жеке қолдауы мен саяси ерік-жігерінің арқасында соңғы жылдары қазақ-қырғыз стратегиялық әріптестігі жаңа серпінге ие болды. Бұл тұрғыда, біздің ортақ мақсатымыз – екі ел көшбасшыларының берген тапсырмаларын толық орындау және көпқырлы ықпалдастықты одан әрі кеңейту. Қырғызстан – біз үшін тату көрші, бауырлас ел ғана емес, сонымен қатар маңызды сауда-экономикалық серіктес мемлекет. Қазақстан Үкіметі ортақ мүдделерімізге сай келетін мақсаттарға бірлесіп атсалысуға дайын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.