БҚО-да дәрігерлер пойыздың астына түскен жігіттің өмірін сақтап қалды

Шұғыл түрде зардап шеккен азамат облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

БҚО-да дәрігерлер пойыздың астына түскен жігіттің өмірін сақтап қалды
baq.kz
1038

БҚО-ның жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері пойыз астына түскен жігітті құтқарды, деп хабарлады turkystan.kz.

Ақ казарма аялдамасы ауданындағы теміржолда пойыз ер адамды қағып кеткен.

Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының №8 бригадасы 5 минуттың ішінде оқиға орнына жетіп, азаматқа медициналық көмек көрсеткен.

«Құрамында бірінші фельдшер Е. А. Жұқалтаев, фельдшер Н. Жасұлан және жүргізуші Н. Мақауовтан тұратын бригада клиникалық хаттаманың стандарттарына сәйкес шұғыл медициналық көмек көрсетті. Олар қан кетуді тоқтатты, ауырсынуды басатын шокқа қарсы терапия және гемодинамиканы қалпына келтірді», – делінген хабарламада.

Шұғыл түрде зардап шеккен азамат облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

«Аурухананың қабылдау бөліміне түскен кезде зардап шегушінің жалпы жағдайы өте ауыр болды, III-IV дәрежелі жарақаттық шок. ОКА құрамында  травматолог Қанат Өтегенов пен травматолог-хирург Ерғали Байқатов  бар дәрігерлер шұғыл операция жасады», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы тұрақты - ауыр. Палатаға шығарылды. Өмірін сақтап қалған дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдіреді.

Серіктес жаңалықтары