Елордада осы оқу жылында тағы 7 мектеп ашылады

Мектептер Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында, Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысында орналасқан.

Елордада осы оқу жылында тағы 7 мектеп ашылады
Instagram
869

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында биылғы оқу жылында ашылатын мектептер жайлы айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

«Инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды салу жұмысын жалғастырамыз. Мәселен, осы оқу жылында тағы 7 мектеп ашамыз. Аталған оқу орындарының құрылыс барысымен таныстым. Бұл мектептер Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында, Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысында орналасқан. Сол сияқты қолданыстағы мектептердің аумағына жаңа корпустар салынады: Кирпичный елді мекенінде, Тархан көшесі, 16, Таха Хусейн көшесі, 5/1, Қарқабат көшесі, 17, Қабанбай батыр даңғылы, 9,1 мекенжайларында. Осыған дейін – оқу жылының басында 4 мектеп ашылған болатын», – деп жазды қала әкімі.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға кіріскен.

«Жоба аясында 2024-2025 жылдары 24 жайлы мектеп салынады. Олар 90 мыңға жуық оқушы орнын (2 ауысымды) ашуға мүмкіндік береді. Олардың 15-і Есіл мен Нұра аудандарында орналасады. Дәл қазір бұл аудандарда мектептерге деген аса қажеттілік бар.

2027 жылға дейін бас-аяғы 180 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымда) арналған 65 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар мектептерге шамадан тыс түсетін жүктеменің қазіргі қиындығын ғана емес, болашақта орын тапшылығы мәселесін толықтай шешеді. Оқу орындары қаланың барлық ауданын, оның ішінде елді мекендерді де қамтиды», – деді ол.

Серіктес жаңалықтары