7 жастағы қызды зорламақ болған ер адамға қатысты жаңа дерек шықты

Ал ауыл тұрғындары жасы елуге таяп қалған көршісінің былтыр да үш қызды үйіне апарып зорламақ болған дейді.

7 жастағы қызды зорламақ болған ер адамға қатысты жаңа дерек шықты
КТК
993

Алматы облысы Ақсеңгір ауылында жеті жастағы қызды зорламақ болған күдіктіге қатысты жаңа мәліметтер шықты. Зәбір көре жаздаған жеткіншектің ата-анасының айтуынша, 49 жастағы көршісі ойнап жүрген қызды алдап шақырып, үйінде бейәдеп қылықтар жасаған, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ал ауыл тұрғындары жасы елуге таяп қалған көршісінің былтыр да үш қызды үйіне апарып зорламақ болған деп отыр. Оқиғаның бәрі осы төңіректе болған. Мұнда ауыл балалары жиі жиналып асыр салып ойнайды. Жұрттың айтуынша, соны сырттай бақылап тұрған Кәрімхан есімді тұрғын жеті жасар жеткіншекке «тәтті беремін» деп алдап, өз үйіне кіргізіп алады. Сөйтіп сонда білгенін істепті. Баласының болашағына балта шаппайын деп, қыздың әке-шешесі жүзін көрсетуден бас тартты. Бірақ желіде желдей есіп жүрген «зорлады» деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.

Көршінің қызына далада тұра тұр деген ғой. Содан, менің қызымды үйге кіргізген. Кіргеннен кейін қолынан жетектеп жатын бөлмеге апарған. Өзі төсекке отырып, қызымды алдына алып, о жер, бұ жерін сипалап ұстаған ғой. Біраз уақыт ұстап отырған да, жанына түсіріп қойып, өзінің шалбарын тізесіне дейін түсірген, қызымның айтуынша. Түсіріп, «менікін көресің бе?» деген ғой, – дейді қыздың анасы.

Телеарнаның мәліметінше, абырой болғанда сол сәтте сыртта күтіп тұрған өзге қыз қақпадан кіріп қалған. Сөйтіп көршісі сасқанынан қыздың қолына екі алманы ұстатып, үйден шығарып жіберген дейді. Ерсі қылық танытып жүрген азамат алыстағы адам емес. Екі үйдің арасы небәрі бір-екі ақ түтін. Қыздың шешесі онымен 12 жыл араласқанын, әрі талай мәрте дастарқандас болғанын айтып отыр. Әйелі мен екі баласы бар екен. Өзі мал саудасымен айналысады.

«Жанындағы қыз болмаған жағдайда білмеймін қалай болатынын. Елестете алмаймын. Сол үшін жазасын тартса екен. Жанымыздан көшіп кетсе екен», – дейді қыздың анасы. 

Оның қатаң жазаға тартылып, көшіріп жіберуін қыздың ата-анасы ғана емес, ақсеңгірліктер де талап етіп отыр. Өйткені 50-ге таяп қалған көршісінің ауылдағы қыздарға анайы қылық танытып жүргені алғаш рет емес дейді. 

"Былтыр бір жылдың ішінде үш қыз баланы зорламақшы болған. Бәрі 14, 15, 16 жас аралығындағы қыз балалар. Елдің бәрі қарсы шыққанбыз. Бірақ қыздардың ата-аналары, ауылдың ақсақалдары «болды» деп, біржола кешірім беріп, жылы жауып қойғанбыз. Соның зардабын биыл көріп отырмыз. «Ақсеңгір ауыл бірлігі» деген топ бар. Сол топта такси шақырып, кім қайда бара жатыр, не істеп жатыр, бәрі айтылып тұрады. Соны пайдаланып, кім қайда кетті, кімнің үйінде адам жоқ дегенді осыдан біліп отырған ғой", – дейді Нұрғали Өндірқанұлы.

Өткен аптада болған оқиғаға қатысты полицейлер тергеу жүріп жатқанын жеткізді. Қозғалған бапқа сәйкес, күдікті 20 жыл немесе өмір бойы темір торға тоғытылуы мүмкін. 

«ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда дереу тіркелді. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 1974 жылғы К. есімді күдікті азаматты ұстады. Сот санкциясымен ұсталған адам сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде екі ай мерзімге қамауға алынды», – дейді Жамбыл ауданы ПБ бастығының орынбасары Ғалым Нариманұлы.

Зәбір көре жаздаған жеткіншектің жақындары күдіктінің анайы қылық танытқанымен, жыныстық сипаттағы зорлық болмағасын іс жылы жабылып кете ме деп қорқады. Ал кейін дәл осындай жағдайдың тағы қайталнбасына кім кепіл? Сондықтан күдіктінің былтырғы ерсі қылықтарын ескеруін сұрап, қатаң жазаға тартуын талап етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары