Қазақстан Орта Азиядағы салық режимі қолайлы ел мәртебесінен айырылуы мүмкін
Қосылған құн салығының мөлшерлемесі жоғарыласа, экономиканың инвестициялық тартымдылығы нашарлайды.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қосылған құн салығының мөлшерлемесін 12%-дан 10%-ға дейін төмендетуді ұсынды, деп хабарлады Turkystan.kz.
Бұл шара салық жинауды арттыруға, ақша қаражатының көлеңкелі ағынын азайтуға, сол арқылы экономиканың өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді. Ал салықтың өсуі тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әкеледі. Салдарынан халықтың сатып алу қабілеті мен тұтынушылық сұранысы төмендейді. Бұл ЖІӨ өсу қарқынын нақты мәнде жылына 1%-ға азайтады.
«Қосылған құн салығы төмендесе, салық түсімі артады. Мұндай әсерді Өзбекстанның тәжірибесінен де көруге болады. 2019 жылдың қазанында Өзбекстан билігі қосылған құн салығы мөлшерлемесін 20%-дан 15%-ға дейін төмендетті. Үш жыл ішінде бюджетке ішкі тауарларға қосылған құн салығынан түскен табыс 2020-2022 жылдар аралығында 20,5 трлн сумнан 32,8 трлн сумға дейін өсті», – деді ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов.
Спикер осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстан қосылған құн салығы мөлшерлемесін 15%-дан 12%-ға дейін азайтқанын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан қосылған құн салығының мөлшерлемесін көтеретін болса, Орта Азиядағы салық режимі қолайлы ел мәртебесінен айырылады. Бұл жағдай ұлттық экономиканың инвестициялық тартымдылығын нашарлатады.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі 2025 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексінде қосылған құн салығы мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді ұсынды. Министрлік осы арқылы Ұлттық қор қаражатынан алынатын нысаналы трансфертті бюджетке түсетін 2-2,4 трлн теңге көлеміндегі қаражатпен алмастыруға болатынын алға тартты.