«Серікбол хал үстінде жатыр»: Әнші өзін алдап, анасынан ақша бопсалаған көмекшісі жайлы айтты
Өнер адамдары арқылы аудитория жинап, сеніміне кірген адамға алданып қалған.
Әнші Серікбол Сайлаубек «Жұлдызды weekend» бағдарламасында сенген адамына алданып қалғанын айтты, деп жазды turkystan.kz.
Айтуынша, ол өнер адамдары арқылы аудитория жинап, сеніміне кірген адамға алданып қалған.
«Сондай адамның қармағына іліктім. Республика сарайының алдында мені күтіп алып, «Сіздің жанкүйеріңізбін, әндеріңізді жатқа білемін» деп сендірді. Қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, Балалар үйі мен Қарттар үйіне ертіп апардым. Өзі де сол жерде керемет мәрттік танытып, қызмет жасады. Шаңырағына қонаққа шақырып, талай мәрте дастархандас болдым. Көмекшім секілді қасыма еріп жүретін. Сондай қадам арқылы менің сеніміме кіріпті», - дейді әнші.
Осылайша сеніміне кірген адам әншінің анасынан ақша бопсалаған.
«Қашан келемін, қай уақытта телефонымды өшіремін, қай күні ұшамын, бәрін біліп отыратын. Концерт кезінде сахнада ән айтып тұрғанда телефонымды өшіріп тастайтыным бар. Сол уақытты пайдаланып, анама телефон соғып: «Серікбол хал үстінде жатыр» деп ақша сұраған. Одан кейін мен жоқта үйге келіп, концертке киетін киімдері деп бренд сахналық костюм мен сағаттарымды алып кеткен. Дүниемен сыналған шығармын», – дейді ол.
Әншінің айтуынша, қазір ол адам қазір қамауға алынған. Ол бұған дейін де түрлі жолмен біраз адамды «қарамағына» түсірген екен.