Министрлік ақбөкеннің етін шетелге сатуды жоспарлап отырған жоқ – Арман Шаққалиев

Елімізде 1 қазан мен 15 қараша аралығында ақбөкенді атуға рұқсат берілді.

Министрлік ақбөкеннің етін шетелге сатуды жоспарлап отырған жоқ – Арман Шаққалиев
852

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ақбөкеннің еті шетелге экспортталмайтынын айтты, деп хабарлады Turkystan.kz.

«Министрлік ақбөкеннің етін шетелге сатуды жоспарлап отырған жоқ. Тіпті ішкі нарықта, базарларымызда киік етін ешқайсымыз көрген жоқпыз. Астана маңайында бір көлік ет тиеген адамның ұсталғаны туралы ақпарат болды. Ол заңсыз жұмыс істеген. Қазір біздің құзырет бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінен консерві, субөнім жасауға стандарт жасауды сұрап отыр. Сол стандарттау жағынан жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді министр.

А.Шаққалиев нақты стандарт болса, сертификат, декларация, тексеру жұмыстары қолға алынатынын айтты.

«Барлығы сұранысқа байланысты. Ақбөкеннің етіне сұраныс білдірген елге сауда жағынан ұйымдастыру шараларын шешуге көмек көрсетеміз. Ең бастысы, техникалық реттеу, қауіпсіздік және сапа талабы сақталуы тиіс», – деді ол.

Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі 1 қазан мен 15 қараша аралығында ақбөкенді атуға рұқсат берді.

Айта кетейік 1999 жылдан бастап ақбөкен санының күрт азаюына байланысты Қазақстанда ғылыми мақсатты қоспағанда, оны 2023 жылға дейін аулауға тыйым салынды. Ақбөкендердің саны 2 млн-ға жуықтағанына байланысты жоғарыдағы тыйымның күші жойылды. 

 

Серіктес жаңалықтары