Популизм: «Қазақстанда ең төменгі жалақы шамамен 200-210 мың теңге болуы керек»
2024 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады.
Мәжіліс депутаттары халыққа жақсы болып көрінудің тиімді тәсілі – популизмді меңгеріп алды.
Сорақысы сол, кейбір депутаттар әлеуметтік мәселелерді шешу үшін экономикалық негіздемесі жоқ, сарапталмаған, мемлекеттік органдардың талқысына салынбаған бастама көтеруді, сол арқылы халықты дүрліктіруді, ел арасындағы танымалдығын арттыруды әдетке айналдырып алды.
Мысалы, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Асхат Рахымжанов келесі жылға арналған ең төменгі жалақы мен өмір сүрудің деңгейімен келіспейтінін алға тартып: «Біздің есептеуіміз бойынша, орта жағдайы бар қазақстандық барлық табысының 55%-ын азық-түлікке жұмсайды. Қазақстанда ең төменгі жалақы шамамен 200-210 мың теңге болуы керек», – деді.
Күлесіз бе, жылайсыз ба? Популизм бе, популизм емес пе, өзіңіз анықтарсыз.
Дұрыс түсініңіз, біз халыққа болмасын деп отырған жоқпыз, болсын, берсін, алсын! Тек бастама көтергендер қашан, қайдан, қалай екенін нақтыласын. Экономикалық есебін ұсынсын, қаржыландыру көзін көрсетсін. Құр аттанмен, айқаймен: «Қазақстанда ең төменгі жалақы 1 млн болсын» дей салуға да болады.
Елімізде ең төменгі жалақы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 60 мыңнан 70 мыңға көтерілді. Үкімет әупірімдеп жүріп, 1,8 млн азаматтың бұған дейін алып жүрген ең төменгі жалақысына 10 мың теңге қосты. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады. Өсім 15 мың теңге.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылы медиандық жалақы - 225 736 теңге, ал орташа арифметикалық жалақы - 340 636 теңге екені анықталды.
Сонда дейміз-ау, орташа жалақының деңгейі осындай болғанда, ең төменгі жалақы қалай 200-210 мың теңге болады?
Негізі білмесең, білгендерден сұраған жөн. Популизмге ұрынып, «хайп» қумаған абзал.