«ЧИКА – ДАБЫЛДЫҢ БАЛАСЫ» - ӨЗБЕК БАЛАЛАРЫНЫҢ ҚОЛЫНДА

«ЧИКА – ДАБЫЛДЫҢ БАЛАСЫ» - ӨЗБЕК БАЛАЛАРЫНЫҢ ҚОЛЫНДА

«ЧИКА – ДАБЫЛДЫҢ БАЛАСЫ» - ӨЗБЕК БАЛАЛАРЫНЫҢ ҚОЛЫНДА
ашық дереккөзі
4199

Қазақ балалар әдебиетінде үлкен орны бар көрнекті жазушымыздың бірі – Молдахмет Қаназ. Кезінде оның «Чика – Дабылдың баласы», «Ақ тайлағым-ай», «Қияндағы күн нұры» секілді екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақ ауылы, ондағы балалар өмірі жайын көркем тілмен суреттеп, сомдаған шығармалары өзіндік жаңалығымен оқырмандар мен әдеби сыннан өзінің лайықты бағасын алған-ды. Осының ішінде «Чика – Дабылдың баласы» атты хикаяты өзінің жазылу формасымен дараланған шоқтықты шығарма болды. 1971 жылы Қазақстан баспа істері, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитеті мен жастар одағы бірігіп ұйымдастырған балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби шығармалардың жабық бәйгесінде жүлделі орынға ие болған М.Қаназдың «Чика – Дабылдың баласы» хикаяты баспасөзде жарияланған кезінен-ақ оның танымал шығармаларының біріне айналып, автордың бірнеше кітабына енді («Ақ тайлағым-ай», 1980; «Чика – сын Дабыла», 1991; «Қияндағы күн нұры», 1993; «Чика – Дабылдың баласы», 2003). Енді, міне аталмыш хикаят өткен жылдың екінші жартысында Ташкент қаласынан өзбек тілінде Shiko – Dobilnin’ ugli» («Чико – Добилнинг уғли») деген атпен «U’zbekiston» баспасынан 5 мың дана таралыммен жарық көріп, өзбек елінің жас оқырмандарына ұсынылып отыр. Өзбектің жаңа әліпбиі – латын графикасымен жарық көрген кітапты өзбек тіліне М.Омаров пен Қ.Қахрамонов тәржімелеген. Көркем безендірілген жылтыр мұқабалы кітаптың өзбек елінің жас оқырмандарына берері мол болса керек. Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кезеңде ата-анасынан айрылған неміс баласын баурына басқан қазақ әйелінің қайсар да бауырмал мінезі – ұлтымыздың асыл қасиеттерін көрсететін образ. Сонымен бірге шығармада соғыс кезіне тән сөздер мол. «Чика – Дабылдың баласы» хикаятына жазған алғысөзінде аудармашылар туындының осы бір ерекшеліктері мен берер тағылымы жайында айтып өткен. Шыны керек, басқасын айтпағанда – әлемнің бірнеше тілінде шығармалары басылып, кітаптары жүзмыңдаған таралыммен жарық көрген Худойберди Тухтобоевтай ірі балалар жазушысы бар өзбек халқы балаларға арналған шығармаларға таңдана бермейді. Өзбек тіліне балаларға арналған әлемге белгілі шығармалар түгелге дерлік аударылған. Енді солардың қатарына Молдахмет Қаназдың «Чика – Дабылдың баласы» атты шығармасының қосылуы – тек жазушының ғана емес, қазақ әдебиетінің де жетістігі деуге болады. Бүгін 75 жасқа келіп отырған халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Молдахмет Қаназ Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бекбауыл стансасында дүниеге келген. 1980 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1963 жылы Шымкент педагогика институтының филология факультетін бітірген. 1963-67 жылдары Қазалы аудандық орта мектепте мұғалім, 1967-69 жылдары «Ленин туы» газетінде бөлім меңгерушісі, 1969-74 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ауданы кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1978-85 жылдары «Жалын» баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, 1992 жылдан «Денсаулық» журналында бөлім меңгерушісі, 1993 жылдан бас редакторы. Алғашқы шығармалары өткен ғасырдың 70-жылдарының басында жариялана бастады. Молдахмет Қаназдың жоғарыда біз көрсетіп өткен туындыларынан басқа, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігі, замандастарының ой-арманы және адамгершілік мәселелерін арқау еткен «Сонар» (1973), «Арна» (1978), «Құм ойнау» (1984), «Армандай алыс жағалау» (1988), «Жаңбырлы жал» (1991), «Жанқожа» (2001), «Сырдария кітапханасы» сериясымен екі томдық шығармалар жинағы (2009), «Кек» (2013) атты әңгімелер мен повестер жинақтары жарық көрген. «Чика – Дабылдың баласы» (1991), «Жер кіндігі» (1975) повестері үшін жасөспірімдер мен балаларға арналған үздік шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде жүлде алған. В.Карповтың «Тірідей ұсталсын» романын (1988), Е.Пелиннің, В.Распутиннің әңгімелерін қазақ тіліне тәржімелеген. Жекеленген туындылары орыс, грузин тілдеріне аударылған. Қаназдың еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі шығармашылығы Халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының өнегелі өмірі мен өшпес ерлігіне арналған. Осы тақырып аясында «Жанқожа» атты үш актілі тарихи драмасы, «Кек» кинохикаяты сондай-ақ, «Ел қорғаны – Ер Жәкем» (С.Қалуовпен бірге 2008, 2009, 2012), «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» (2014) кітабы жарияланған. Көптеген шығармалары орыс тіліне, «Қияндағы күн нұры» повесі грузин тіліне аударылды. В.Карповтың «Тірілей ұсталсын» романы, болгар жазушысы Е.Пелиннің әңгімелері, И.Мелеевтің «Шатырұстар мырза» повесі, орыс жазушысы В.Распутиннің әңгімелері Молдахмет Қаназ тәржімесінде қазақша сөйледі.

Серіктес жаңалықтары