Ендігі міндет – Республикалық бюджетті тиімді іске асыру – Ерлан Қошанов
Мемлекеттік борыштың өсуі де депутаттарды алаңдатып отыр.
Мәжілістің жалпы отырысында 2024 – 2026 жылғы республикалық бюджетке қатысты заң жобасы қаралды. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қорытынды сөз айтып, түйткілді мәселе көп екенін, ендігі кезекте бюджетті тиімді игеру мәселесі басты орында болуы керек екенін айтты.
Бүгін біз еліміздің басты құжаты – республикалық бюджетті бекіттік. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында жаңа экономикалық саясат жариялады. Оның түпкі мұраты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы орайда, республикалық бюджет, бірінші кезекте – Президент жүктеген міндеттерді іске асыруға бағытталып отыр. Ең бастысы, бұл құжат әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға, елдің тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Бюджет екі ай бойы жұмыс топтарында жан-жақты талқыланды. Мәжілістегі барлық фракция отырыстарын өткізіп, өз ұстанымдарын анықтады. Талқылау барысында көптеген сыни пікірлер болды, ұсыныстар айтылды. Олардың барлығы бүгін қабылданған бюджетте ескерілді. Бірқатар жайттарды шешу үшін депутаттар тарапынан қосымша қаржы қарастырылды. Бір ғана мысал, 2,5 трлн теңге бағдарламалардың, жобалардың маңыздылығына қарай қайта үйлестірілді. Бірақ әлі де атқаратын жұмыс көп. Шұғыл шешімді күтіп отырған мәселе жеткілікті. Сайлаушыларымызды толғандыратын ең өзекті мәселе – инфляция мен азық-түлік бағасы. Жылу, жарық, жол, сумен қамтамасыз ету де – түйткілді мәселелер. Мемлекеттік борыштың өсуі де депутаттарды алаңдатып отыр. Осы мәселелерге жұмыс тобының жетекшісі, фракциялардың басшылары өз баяндамаларында кеңінен тоқталып өтті. Үкімет бұл жайттарға ерекше көңіл бөліп, жүйелі түрде айналысуы қажет. Бюджетті талқылау кезінде сайлаушыларымыздың осы және өзге де талап-тілектері ескерілді. Ендігі міндет – Республикалық бюджетті тиімді іске асыру. Депутаттар бекітілген бюджеттің орындалуына жүйелі түрде бақылау жүргізетін болады, – деді