Астана әкімі үлескерлермен кездесті

Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында

Астана әкімі үлескерлермен кездесті
gov.kz

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен кездескенін мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.

«Құрылысы ұзаққа созылған бірқатар нысанның құрылыс барысымен таныстым. Олар – «Территория комфорта-1» 2-кезек, «Триумф Сити», «Future home» тұрғын үй кешендері. Үлескерлердің жалпы саны – 800-ге жуық отбасы», – деді Жеңіс Қасымбек.

«Территория комфорта» тұрғын үй кешенінің құрылысы осыдан 20 жылдай уақыт бұрын басталған.

«Техникалық тексеру кезінде ғимараттың апатты жағдайда екені анықталды. Тиісінше апатты күйдегі тұрғын үй кешенінің барлық блогын бұзу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. 2021 жылы «Территория комфорта» ТК бірінші кезегінің құрылысы аяқталып, 100-ден астам үлескер отбасы пәтер кілтін алған.Қалған блоктар бойынша жұмыс жүріп жатыр», – деп жазды әкім.

«Триумф Сити» мен «Future home» тұрғын үй кешендерінің құрылысы 10 жыл бұрын басталған.

«Мысалы, «Future home» тұрғын үй кешенін өткізу кезінде 4 және 7 қабаты ғана салынған. Биыл құрылысы ұзаққа созылған 30 тұрғын үй кешенін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Олардың бір бөлігін қазірдің өзінде аяқтадық. Үлестік құрылыс нысандары бойынша қадамдық іс-шара жоспары бар. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.