Каратэден тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай: Әлем чемпионатында алған үш медальдың екеуі – біздің отбасымыздан

Мөлдір қызы екі айға толғанда жаттығу жұмыстарын бастап кеткенін айтады.

Каратэден тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай: Әлем чемпионатында алған үш медальдың екеуі – біздің отбасымыздан
bassport.kz

Будапештте (Венгрия) өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленген Мөлдір Жаңбырбай өзімен бірге жолдасы да жүлдегер атанғанын айтты.

 Еске сала кетейік, қазақстандық каратэшілер әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына үш медаль салған болатын. 50 келіге дейін салмақ дәрежесіде сынға түскен Мөлдір Жаңбырбай ел тарихында тұңғыш рет алтын медаль ұтып алса, 27 жастағы Қайсар Алпысбай (60 келіге дейін) күміс жүлдені еншіледі. Тағы бір қазақстандық каратэші Дидар Әмірәлі (67 келіге дейін) қола жүлдегер атанды.

Айта кетерлігі, Дидар мен Мөлдір – ерлі-зайыпты. Мөлдір Таңшолпан бағдарламасына берген сұхбатында бұл чемпионатта жолдасы Дидардың да жүлдесіз қайтпағанына қуанышты екенін жеткізді.

«Ол да өз мансабында бірінші рет әлем чемпионатының медалін жеңіп алды. Қола медаль. Өте уаныштымыз. Үш медальдың екеуі біздің отбасымыздан», – дейді Мөлдір.

Сондай-ақ ол қызы екі айға толғанда жаттығу жұмыстарын бастап кеткенін айтады.

«Азия ойындары, әлем чемпионатының алдында жаттығу жиындары басқа елде өтті. Баланы ол жаққа алып кету қиын ғой. Сол үшін тастап кетуге мәжбұр болдым. Әрине, оңай емес. Қызыма екі ай толғанда жаттығуды бастап кеттім. Себебі алты айлығында жарысқа шығуым керек болды», – дейді спортшы.