«Үлкен қызы полицияға хабарлап үлгерген»: Шымкентте газға уланып мерт болған отбасының көршілері қайғылы оқиға туралы айтты

Сегіз жылдан бері осы үйде тұрып жатқан оларға газ былтыр тартылған екен.

«Үлкен қызы полицияға хабарлап үлгерген»: Шымкентте газға уланып мерт болған отбасының көршілері қайғылы оқиға туралы айтты
Фото: otyrar.kz
1256

Шымкентте ыстан уланып мерт болған отбасының көршілері қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. 39 жастағы ері мен әйелі және олардың үш баласы өз үйінде өлі күйінде табылған. Олардың өліміне газбен жылытылатын пештегі ақау себеп болыпты, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

«Біз тексергенде түтін шығатын тесік жоқ еді. Газ құбырдағы жылыту қазанының үстіндегі мұржасы жоқ», - дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент филиалы апаттық-диспетчер қызметінің басшысы Бауыржан Байтөреев.

Сегіз жылдан бері осы үйде тұрып жатқан оларға газ былтыр тартылған екен. Қазандықты қашан қойғанын мамандар анықтап жатыр. Кеше ғана отбасындағы қыздардың бірінің туған күнін үйде тойлаған екен. Сонан соң түні бойы жылу қосылып, оның улы түтіні баспананы басқан деген болжам айтылып жатыр.

Белгілісі, таңертең қыздардың бірі полицияға телефон шалып, уланғанын айтып үлгеріпті. Бірақ құтқарушылар келгенде отбасындағы ері мен әйелі және 16, 15 және 11 жастағы балалары көз жұмғанын анықтаған. Отағасы электрик, ал келіншегі мейірбике. Көршілері марқұмдарды жақсы адамдар еді деп, көңіл айтып жатыр.

«Үлкен қызы тұрған дейді. Есін жиған дейді. Шығып, «102»-ге хабар берген дейді. Сосын екі кішкентай баласын шығарған дейді. Сосын қайта ішіне кірген кезде сол жерде құлаған дейді», - дейді көршісі Мөлдір Құдиярова.

 

 

Серіктес жаңалықтары