Қостанайда «Ардагерлер ұйымының» кеңесі өтті
Бақтықожа Салахатдинұлы алдымен еліміздің ұлық мерекесі – Республика күнімен құттықтап, ардагер әріптестеріне Мемлекеттік наградалар тапсырды.
Қостанай қаласында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінде «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын жүзеге асыруда Ардагерлер ұйымының алдағы міндеттері туралы» республикалық көшпелі кеңесі өтті.
Кеңеске ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған Орталық кеңестің төралқа мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстары филиалдарының басшылары, Қостанай облысы ардагерлері активі, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және Қостанай облысының әкімі Ақсақалов Құмар Іргебайұлы қатысты.
Бақтықожа Салахатдинұлы алдымен еліміздің ұлық мерекесі – Республика күнімен құттықтап, ардагер әріптестеріне Мемлекеттік наградалар тапсырды.
Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында сөйлеген сөзінде: Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, «әділдік жолы – ең қиын жол» екенін ұмытпауымыз керек...» десе, былтырғы Жолдауында «біз жаңа кезеңге қадам бастық» деп - «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тұжырымдамасын ұсынды.
Құрылтайдың екінші отырысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналды. Биылғы Жолдауда «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» туралы айтылды.
"Президентіміз әділ әрі озық Мемлекет құруды көздейді. Өзгерістер де аз емес. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сәтті жүзеге асып келеді. Біздің басты міндетіміз, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының реформаларын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға белсенді араласу. Қоғамдағы болып жатқан жаңалықтарды өңірлерде тұрғындарға барынша түсінікті жеткізу. Бүгінгі басқосуымыз «Әділетті мемлекетті» қолдайтын алдағы жоспарымызды айқындайтын, маңызды кеңес болады деп ойлаймын», - деді.
Бұдан әрі Мемлекет басшысының Жолдауда айтқандарына орай ардагерлер ұйымында, алдағы жұмыстарда бірнеше бағытты басты назарға алуды тапсырды. Атап айтқанда:
Бірінші. Біз әділетті қоғам құру үшін мемлекеттің ішкі мәселелеріне қолдау көрсетіп, белсене араласуымыз керек. Президентіміздің бастамаларын жұртшылыққа түсінікті жеткізе алатын, жалпы әлемдегі ахуалдан хабары мол, елге беделді, айтары бар ардагерлерден мобильді топтар құруға болады.
Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Бұқара халық әрдайым тыныштықта, бейбіт өмір сүруді армандайды. Кей елдер соғыстың зардабын шегуде. Бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын көріп отырмыз.
Ел ішінде тұрақтылықты қамтамасыз етуге әрқайсымыз атсалысуымыз керек.
Екінші: Аға буын ұрпақ тәрбиесіне баса мән беруі керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Жастарды дер кезінде дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, кейін зардабы ауыр болуы мүмкін. Кейбір басқа діни бағыттағы тәрбиенің құрығына түскен жастар бары жасырын емес. Алдағы жұмыс жоспарларыңызда жастар тәрбиесіне ықпал ететін шараларға арнайы көңіл бөлуді тапсырамын.
Үшінші: Ұлттық дәстүрімізді, мәдени-рухани құндылықтарымызды дәріптейтін шараларға көбірек атсалысуымыз керек. Жастардың бойына патриоттық сезімін оятатын, рухани дүниелерді көптеп насихаттауға көңіл бөлуді сұраймын.
Осы бағытта Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарында өте жақсы «әкелер мектебі», «аналар мектебі» жұмысы жүріп жатқанын білеміз. Басқа облыстарда осы жұмыстарды жандандыруыды тапсырамын.
Төртінші: Соңғы жылдары діни тақырып күн тәртібінен түспеуде. Өкінішке қарай, түрлі ағым өкілдері дін жайында әңгіме айтамыз деп, қазақтың салт-дәстүрін ысырып, өзінің теріс идеологиясын тықпалағысы келеді.
Дін мен дәстүрді ешуақытта бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Халқымыз дәстүрді ерекше қадірлеген, қастерлеген, сақтай білген.
Жалпы дін мәселесі – өте нәзік тақырып екеніне тоқталып, «Ардагерлер ұйымы» өкілдіктеріне осы мәселелерге мұқият болуын ескертті.
Бұдан әрі ел іргесінің беріктігіне атсалысу аға буынның басты міндеттерінің мызғымас бөлігі болып қала беретініне тоқталып, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырды.