Асқар Дүйсенбі: Әні бұзылған елдің жаны да азады
Кейінгі дәуірде ел арасына тараған көптеген танымал әннің сөзін жазған және өзі де біраз әсем әндердің авторы Асқар Дүйсенбімен әңгімеміз бүгінгі ән өнеріндегі олқылықтар мен өз шығармашылығы жайында өрбіді.
Дүйсенбі Асқар − ақын, композитор, фольклортанушы ғалым. Филология ғылымдарының кандидаты, PhD докторы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Қандөз ауылында дүниеге келген. «Махаббат көктемі» (1996), «Ләйлә ғұмыр» (2003, 2015) жыр жинақтарының, «Жан арманым» (2006), «Тойға тілек» (2016) ән альбомдары мен «Түркі аңыздары мен әпсаналары» (2011), «Аңыздар мен абыздар» (2017), Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Единица жақсысы» (2020) атты ғылыми монографиялардың авторы. Әдебиет номинациясы бойынша 2014 жылғы Президент стипендиясының иегері. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқытушы болып қызмет етеді.
Кейінгі дәуірде ел арасына тараған көптеген танымал әннің сөзін жазған және өзі де біраз әсем әндердің авторы Асқар Дүйсенбімен әңгімеміз бүгінгі ән өнеріндегі олқылықтар мен өз шығармашылығы жайында өрбіді.
− Алғаш Ұлықпан Жолдасов орындайтын бір әннің өлеңін жазсаң, одан бері 500-ден аса ән сөзінің авторы атаныпсың. Мұнша көп әндердің мәтінін жазу оңай емес. Бұл осы бағытта көп еңбектенудің нәтижесі ме әлде қабілеттіліктен бе?
− Иә, дұрыс айтасыз, бұл Ұ.Жолдасовтың орындауындағы марқұм досым Арман Дүйсеновтің «Шаттығым сенсің» деп аталатын туынды. Басында ән үшін емес, поэзиялық шығарма күйінде туған өлең болатын. Өзіндік шығу тарихы бар туынды. Алғашқы деп айтуыңызға келісуге де, келіспеуге де болады. Себебі, мен осыған дейін өзім де ән шығарып, сол әуендеріме ептеп мәтін жазып жүрген жан болатынмын. Бірақ бұл ән менің есімімді танытқан эстрадалық жанрдағы табысты қадамым деп айтуға болады.
Ол кезде Арман екеуміз бір-бірімізді сырттай танитынбыз. 2003 жылы жаз айының басында Арманмен кездейсоқ кезігіп қалдық. Түркістаннан Алматыға біржола көшіп бара жатқанын айтты. Тура сол кезде «Ләйлә ғұмыр» деп аталатын кезекті жаңа жыр жинағым шыққан. Соны тарту еттім. Кешке Арман телефон шалып тұр: «маған поэзияң ұнады. Түгел оқып шықтым. Тіпті екі, үш өлеңіңе ән де жазып тастадым» деді. Ыңылдап айтып та берді. Шынымды айтсам, маған сол сәтте тіпті ұнамады. Арада 2-3 ай өткенде Ұ.Жолдасовтың орындауындағы әннің әрленген соңғы нұсқасын тыңдатты. Өз құлағыма өзім сенбедім. «Мә, мынаны мен жаздым ба?» деген де таңданыстың болғаны рас. Осыдан бастап Арман екеуміздің шығармашылық одағымыз күшейіп кетті.
Мен Алматыға келдім. «Хабар» арнасында тың бағдарламалар жасадық. Сол кезден бастап біз өндіре ән жаздық. Мен ешқашан әндерімнің санына есеп жүргізген емеспін. Бірақ әнге деген құштарлық жаңа тынысымды ашты. Әнге мәтін жазуды оп-оңай дүние деп жеңіл бағалайтын жандар аз емес. Тіпті, «ақын емес» деп қарайтындар да жетерлік. Бірақ әннің табиғатын түсініп, оның буын, бунақтарына дәл келетін сөзді тауып жазу асқан шеберлікті, үлкен қабілетті талап етеді. Сонымен қоса өзіңіз айтқандай, ерінбес еңбекті, шегінбес төзімді де қажет қылады.
− Белгілі нәрсе, ақындардың өте аз тобында ғана әнге сөз жазу қабілеті бар ән сөздері несімен ерекше?
− Қазақ ақынға кенде емес. Жалпы, өткен дәуірдің 60-жылдарынан бері қарайғы тарихқа ой жүгіртсек, әнге мәтін жазатын ақындар соншалықты көп деп те айтпас едім. Қадау-қадау ғана. Соған қарағанда, әнге мәтін жазуға да өзгеше қабілет керек пе деймін. Әннің сөздері біріншіден, айтуға оңай, тілге жеңіл болуы шарт. Екіншіден, оған жазба поэзияға тән терең ұғымды теңеулер, астарлы пәлсапалық тұжырымдар сия бермейді. Сол себептен болса керек, Қадыр ағамыздың «өлеңдерім – ұлдарым, әндерім – ұзатылған қыздарым» деген ойын бекерге айтпаған болса керек...
− Бүгінгі заманауи эстрадалық әндердің көбінің сөздерін жұрт ұнатпай жатады. Солардың біразын ән авторларының өздері жаза салатын көрінеді. Қазіргі әндерде өлеңнің соншалық маңызы жоқ па сонда, әлде ән сөзін жаздыру қымбатқа түсе ме?
− Сөзін ғана емес, әлем-жәлем әуенін тыңдағанда сол ұнатпай жүрген жұрттың қатарынан кейде өзімді де көріп қаламын. Бүгінгі жастардың тамсанып тыңдап жүрген әндеріне қарап, заманның азып бара жатқаны ма деп жаным жабығып, жүрегім ауырады. Маған ләззат емес, азап сыйлайды. «Адам 40-тан асқан соң тым кінәмшіл, күмәншіл келеді. Ештеңе жаға бермейді, анаған да, мынаған да тыжырынып, сын айтқыш болады...» дейді. Ол психологиялық заңдылық. Әні бұзылған елдің жаны да азады. Себебі, ән – сезім мен күйдің бесігі. Рух пен жанның азығы. Мұхтар Шаханов ағамыздың: «ән түзелсе, түзейміз ғой сәнді де...» деуінің астарында үлкен мағына жатқан жоқ па?
Бүгінгі ән әлеміндегі тағы бір өзекті мәселе, өзі орындаушы, өзі композитор, өзі ақын − шетінен әмбебеп «дарындар» қаптады. Соның салдарынан сахнада сән, қасиетті өнерден мән кетіп барады. Менің түсінуімше, қазір бүгін бар, ертең жоқ сайран құрып жүрген әнсымақтардың жастар сөзіне емес, ритміне, әуеніне көбірек елтитін сияқты. Сөз − олар үшін соңғы сатыдағы нәрсе. Егер әннің сөзі маңызды деп ойласа, оның қаламақысына қанша қымбат болса да, қарамаушы еді.
− Бір сұхбатыңда шынайы поэзия мен ән мәтіндерін салыстыра саралай келе «...әнге мәтін жазатын жандарды ақын емес, өлеңші деп атаған дұрыс сияқты» депсің...
− Солай дегенім рас. Бірақ мен ол жерде ойды басқаша мағынада айтқым келді. Бір сөзі сәтті, бір сөзі шатты-бұтты жазылып, қазіргі тілмен айтқанда «хит» болып жүрген әндердің мәтінін жазушы белгілі бір топты меңзеп айтқанмын. Олар әнге мәтін жазсам, табысты әрі танымал болып кетемін деп ойлай ма, сол шеңбердің ішінде ғана бақ сынайды. Жазба поэзияда аты тұрмақ ізі жоқ. Өзінен басқа ешкімді танымайды, ешкімді менсінбейді. Мәселен, Мұқағали, Қадір, Тұманбай т.б. аға буын ақындарымыздың әнге жазылған қай шығармасын алсақ та, айтары бар, тағылымы терең дүниелер. Бір ән мәтінінде бос тұрған сөз жоқ. Ал поэзиялық туындылары тұнып тұрған тәрбие. Маздап тұрған махаббат. Мөлдіреп тұрған өмір. Мен өлеңші мен ақын дегенде осы жағын меңзедім.
− Жұрттың көбі сені ән сөздерін жазатын ақын ретінде біледі. Бұл жағдай сенің ақындығыңа көлеңкесін түсірмей ме?
− Медальдың екі беті болатыны секілді, оның да екі жағы бар. Жұрттың біразы әнге сөз жазатын ақын деп білсе, мен өз замандастарымның ішінде бұл салада көбірек қалам тартып, танымал әншілермен қоян-қолтық өндіре жұмыс істегендігімнен деп ойлаймын. Шынында да, бұл менің есімімді ел ішіне етене танытты. Қазіргі заман оқырмандардан гөрі тыңдармандардың белсендірек кезеңі ғой. Кім нені қалайды, нені құндылық деп санайды, мәселе сонда. Әйтпесе, менің осы күнге дейін бірнеше жыр жинақтарым шыққан, қанша мүшәйраларда жеңімпаз еткен шығармаларым бар. Ол еңбектер менің поэзия саласында да тұрақты қалам тартатын ақын екенімнің дәлелі. Ол кітаптарымды білмесе, оқымаса, менің кінәм қанша? Сондықтан да әнге мәтін жазу − шала дарын, поэзиямен ғана өмір сүру − таза талант деген өлшемге мен келісе бермеймін. Данышпан Абай бабамыз айтпай ма, «ісім өнсін десең, ретін тап» деп. Өзімнің жаным қалаған дүние, маған рахат сыйлайды. Мен көкпар да шабам, бәйгеге де бел шешіп қатыса аламын деген сенім – ең бастысы өзіме аян. Қалған сыпсың сөздің, дәйексіз дәлелдің бәрі мен үшін жай бір соққан желмен тең.
– Бүгінде әнге мәтін жазатындардан кімдерді ерекше атай алар едің?
− Өз замандастарымның ішінде Р.Зайытов, Т.Арғынғали, Б.Әшірбаев, Ә.Шегебай, Б.Шойбеков, Қ.Сарин, Қ.Алагөзов, С.Әбенов, Е.Қайболдин, Б.Әлқожа секілді т.б. көптеген ақынды ауыз толтырып айтар едім. Олар ән әлемінде де, поэзия майданында құлаштай қалам сілтеп жүрген жандар.
− Айтысқа қатыстың, өлең жазып кітаптар шығардың, фильмдердің сценарийін жаздың, сондай-ақ ғылыммен айналысасың. Бәрімен бірдей шұғылдану қиын емес пе?
− Оңай емес. Алғашқы қадамымды айтыстан бастадым. Мектеп қабырғасынан бастап республикалық олимпиадаларға қатыстым. Бала көңілім мені футболшы болуға да жетелегенін несіне жасырайын. Өлең мен өнердің әсерін сезініп, өмірлік бағытымның да, бақытымның да қағаз бен қаламнан боларын ұғындым. Барлығы жазу өнері десек те, әр саланың өзіндік қалтарыс, бұлтарыстары, қиылыспайтын, қиыспайтын қиындықтары жетерлік. «Немен ауырсаң, содан ем ізде» дегендей, тағдыр-талайымызда осы дүниелер жазылған соң, артқан жүкті атандай арқалауға тура келеді. Ол өзіңді шексіз сынау − қажетсіз қинау емес, қарым-қабілетіңді қажетті іске жарату деп білемін. Бұлар менің өмір мектебім. Әрқайсысынан тәлім жидым десем, жалған айтпағаным.
Ән – қалықтауды, жазу – жалықпауды үйретті. Поэзия – фантазияны, ғылым – факт жинауды үйретті. Бұл саладағы көзге көрінетін еңбегім болса, босқа өмір сүріп келе жатпағаным деп білемін. Арман қанатында қиялдай, еңбек етіп ұялмай өмір сүре білу – мызғымас мұраттарымның бірі деп түсіндім.
Биыл, ер жасы – елуге иек тіредім. Осы өзіңіз санамалап айтқан қырларымның шет жобасын 31-қазанда Республика сарайында өтетін «Ән дәурен» атты шығармашылық кешімде жұртшылыққа ұсынамын деген жоспар бар.
− Әңгімеңе рахмет! Ән кешіңнің табысты өтуіне тілектестігімді білдіремін!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ