Олжас Абраев «Галатасарай» – «Бавария» ойынына делегат болып тағайындалды

Олжас Абраев – Қазақстан футбол федерациясының бірінші вице-президенті.

Олжас Абраев «Галатасарай» – «Бавария» ойынына делегат болып тағайындалды
Фото: @kff_team

Олжас Абраев УЕФА Чемпиондар лигасы аясындағы «Галатасарай» – «Бавария» ойынына делегат болып тағайындалды, деп хабарлады turkystan.kz.

Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, ойын бүгін, 24 қазанда Астана уақытымен 22:45-те өтеді. Матчты Ыстамбұлдың (Түркия) «Али Сами Ен» стадионы қабылдайды.

Олжас Абраев – Қазақстан футбол федерациясының бірінші вице-президенті. 2013 жылдан бері УЕФА матчтарының делегаты. Ал 2016 жылдан ФИФА матчтарының комиссары. Осы жылдар ішінде ол УЕФА-ның футзал және жағажай футболы комитеті және Маркетинг бойынша консультативтік комитетінің мүшесі болды.

Қазір ол УЕФА ойыншы мәртебесі, трансфер, агенттер және матч агенттері комитетінің мүшесі. Матчты Давиде Масса бастаған Италиядан келген төрешілер тобы басқарады. Оған Филиппо Мели және Стефано Алассио көмектеседі. Бернардино Гонсалес Васкес (Испания) төрешілер бақылаушысы болып тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, УЕФА делегаты ойындарда ұйымның ресми өкілі ретінде қызмет атқарады. Делегат матч алдында ұйымдастыру жиналыстарына төрағалық етеді, кездесудің тәртіпті ұйымдастырылуын, жарыс және тәртіп ережелерінің сақталуын, матчтың алдында, ойын кезінде және одан кейін стадионда және одан тыс жерде қауіпсіздік және тәртіп ережелерін сақтауды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ делегат оның талабы бойынша УЕФА әкімшілігіне матчқа дайындық туралы есеп береді және қажет болған жағдайда турнирдің ұйымдастырылу деңгейін бағалау үшін турнир алдында объектке барады.