Қазақстандық журналистер түрік тілін тегін үйренеді

Алматыда Республика күні қарсаңында журналистерге арналған тегін түрік тілін оқытатын курс басталды.

Қазақстандық журналистер түрік тілін тегін үйренеді
777

Жобаны Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институты  ұйымдастырды. Түрік тілін үйрену сабақтарының салтанатты басталуы Қазақстан Республикасы күніне және Түркия Республикасының 100 жылдығына орайластырылған.

Іс-шараның ашылу салтанатына Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Эурен Мүдеррісоғлу, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы, профессор, доктор Мұхиттин Шімшек, «Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы, Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, доктор Суат Бейлюр, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты С.Қ. Шілдебай, сондай-ақ БАҚ өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты.

Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Эурен Мүдеррісоғлу қатысушыларды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтай келе:

- Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекет. Содан бері мемлекеттеріміздің бауырластық байланыстары нығайып келеді. Бүгін түбі бір туыс елдер арасында тағы бір маңызды қадам жасалды. Себебі, тіл – халықтарды жақындастырады, жақын танып, терең түсінуге жол ашады, - деді.

Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бэйлүр түрік тілін Түркиядан Алматыға арнайы келген оқытушылар үйрететінін атап өтті. Оның сөзінше, курсты «Alatau Aqparat» медиахолдингінің 20 қызметкері, сондай-ақ  ҚР Орталық мемлекеттік архивінің қызметкерлері оқиды.

Өз кезегінде «Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы түрік тілін үйрену — 200 миллиондай халқы бар Түркі Әлемінің қақпасын ашуға жақсы мүмкіндік екенін айтты. Жоба нәтижесінде журналистер Түркия және түркітілдес елдердің жетекші БАҚ-тарында тағылымдамадан өтіп, аталған елдерде ары қарай білімдерін жетілдіре алады.  

Айта кетейік, мамыр айында «Alatau Aqparat» медиахолдингі мен Еуразиялық ғылыми-зерттеу институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Журналистердің тіл оқуы аталған әріптестік құжаты шеңберінде жүзеге асырылды. Түрік тілінің толық курсы 6 деңгейден тұрады. Бір деңгей 80 академиялық сағатқа есептелген. Курс аяқталғаннан кейін қатысушыларға Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті лингвистикалық орталығының арнайы сертификаттары беріледі.  

Серіктес жаңалықтары