Ұлтын танытқан Әбиболла балуан

Қазақта әлемге танылған атақты Қажымұқан Мұңайтпасұлынан кейін де талай балуан­дар шыққаны мәлім. Оның ішінде өзге ел­дер­де туып-өскен қазақтар ішінен шыққан балуан­дар бір төбе. Солардың арасында қара­қал­пақ елінде дүниеге келіп, ғұмыры сол елде өтсе де қазақтың даңқты перзенті ретінде танылған балуан Әбиболла Садықовтың ғұмыр жолы өне­геге толы деп білеміз.

Ұлтын танытқан Әбиболла балуан
turkystan.kz
1294

Күрес – спорттың ерекше түрлерінің бірі, ол әр халықта әртүрлі секілді көрінгенімен бәрінің түп-негізі жақын.  Түр­кі халықтарының ұлттық спортының да бастысы осы күрес өнері десек, олар ай­тылуы­на қарай қазақта күрес, өзбекте ку­раш, түркіменде гөреш, қырғызда күрөш, қа­рақалпақ гүрес деп түрленгенімен бәрі­нің техникасы мен тәсілдері бір-біріне тым ұқсас келеді.

Әр елдің тарихында олардың танымал балуан­дары бар. Қазақта әлемге танылған атақты Қажымұқан Мұңайтпасұлынан кейін де талай балуан­дар шыққаны мәлім. Оның ішінде өзге ел­дер­де туып-өскен қазақтар ішінен шыққан балуан­дар бір төбе. Солардың арасында қара­қал­пақ елінде дүниеге келіп, ғұмыры сол елде өтсе де қазақтың даңқты перзенті ретінде танылған балуан Әбиболла Садықовтың ғұмыр жолы өне­геге толы деп білеміз.

Ел бар жерде той болмай тұр­май­тыны секілді тойлар да кү­рессіз өтпейтіні мәлім. Соғыстан кейін­гі жылдарда Қарақалпақ АССР-ы, Ташауыз, Хорезм облыста­рын­дағы ауылы аралас қойы қора­лас отырған қазақ, өзбек, түркімен, қа­рақалпақ халықтары той берсе күрес өткізіп, оған алыс-жақындағы балуандарды түгел шақыратын. Сон­дай тойларда аты шыққан қазақ бал­уандарының бірі Қожаназар еді. Ал заманында талай алыптың жауы­рынын жер иіскеткен Қожаназар балуан­ның шәкірттерінің бірі – Әби­­­­болла есімді бала болатын. 

Қаршадайынан күрестің қыр-сырын терең меңгеріп, тойларға бар­ғанда жүлдеден бұрын намыс үшін белдесетін Әбиболла − Қо­жа­назар балуанның туған жиені еді. Өйт­кені кілем үстінде түрлі ұлт өкіл­дерімен белдескенде балуан ауыл-аймағының ғана емес ұлты­ның да абыройын көтеруі тиіс.
Әбиболланың тағдыры қиындау бол­ды. Әкесінен жастай айырылғаны аз­дай ағасы Қарлыбай Екінші дү­ние­жү­зілік соғыс кезінде майданда қаза тап­ты. Шешесіне қолқанат болған жас бала еңбекке араласып, тұр­мыс қиындығында шынықты. Мақта алқабында қара жұмыс істеп жүр­генде күреспен де айналысты, сөй­тіп, жасы он сегізге толғанда қар­сы­ла­сына есе жібермес жас пері­ге ай­нал­ды.

Бірде Хожелі өңіріндегі атақты жыл­қышы Әшірбай деген кісі Нұр­мұ­хаммед атты жалғыз ұлының сүн­дет тойын жасап, сонда қарсылас шы­датпаған Әбиболла бас жүлдеге тігіл­ген бір түйе, екі өгіз, бес қой, тү­рікмен кілемін ұтып алады, деген­мен оны сол жердегі жетім-жесірге та­ратып беріп, ел ақсақалдарының ба­тасын алады. Өзі содан бастап «түйе палуан» атанады.

Тойдан соң нағашысы Қожа­на­зар балуан сол кезде Нөкіс ауда­ны­ның «1 май» ұжымшарында тұратын жие­ні Әбиболланың үйіне келіп, оны «түйе палуан» атануымен құт­тық­тап, балуандығын одан әрі шың­дай беруге кеңес береді. Аты шыққан палуандардың бәрін жеңген жиеніне үкімет өткізетін еларалық жарыс­тар­ға барып танылуы керек екенін ай­тады.

Балуан нағашысының тілегін құп алған Әбиболла енді күрес жо­лын­да үлкен жетістіктерге жету үшін тынымсыз еңбектенуге бет бұра­ды. Өзіндей балуан досы Ыс­майыл Асамадиновпен екеуі тұрақ­ты түрде жаттығып, күрестің неше түр­лі әдіс-тәсілдерін жоғары дәре­же­де меңгеруге күш салады. Олар­дың бұл еңбегі бос кетпей Әбиболла ел орталығы Нөкіс қаласында күрес­тен өтетін жарыстарға барып, үнемі жеңіспен оралатын. Сөйтіп, 1949 жы­лы ұлттық күрестен Фе­р­ға­на қала­сында өтетін ауыл жас­тары­ның спартакиадасына баратын жол­дамаға қолы жетеді. Аталған спар­та­киадада 19 жастағы Әбиболла жеңім­­паз атанып, алғаш рет алтын ме­­даль алады.

Жарыстан чемпион болып орал­ған Әбиболланың на­ғашысы һәм ұстазы Қожаназар балуан­ның ақылымен енді ол Қара­қалпақстанның атақты балуандары Сапалақ Шамұратов пен Қадыр Қа­лан­даровтың қарауында жаттыға­тын болып шешім қабылдайды.

1950 жылы Өзбек ССР-нің 25 жыл­дығы салтанатты атап өтілгенде ал­­ғаш рет боз кілемнің үстінде кә­сі­би спортшылармен күш сынасқан Әби­болла ұлттық күрестен Қара­қал­пақстан автономиялық рес­пуб­ли­ка­сы­ның чемпионы атанады. Бұдан соң жарыстың келесі сатысында − Таш­кент қаласындағы цирк ғи­ма­ратында өткен Өзбекстан чем­пио­на­тында да белдескенінің бәрін жы­ғып, Өзбекстан чемпионы ата­нады және Түрікменстанның аста­насы Ашхабад қаласында өтетін Ор­талық Азия және Қазақстанның спар­такиадасына жолдама алады.

1952 жылы Ашхабадта Түрік­мен­стан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қыр­ғыз Республикасы және Қазақ­стан құрамалары сол дәуірдегі ең үлкен жарыс саналған спартакиадаға жиналып, онда қарақалпақстандық Әбиболла Садықов Өзбекстан құра­масы сапында бақ сынайды.
Ашхабад қаласында өткен ау­қым­ды күрес бәсекесі 22 жастағы Әму­дария жағалауынан келген қазақ ұла­нын арманына жеткізді. Финалда Қа­зақстан чемпионын жеңген Әби­болла Садықов ұлттық күрестен Ор­­­талық Азия және Қазақстанның аб­солюттік чемпионы деген атаққа қол жеткізеді. Шынын айту керек, дәл осыған дейін бірде-бір қазақ ұл­тының өкілі мұндай атақты ие­лен­беген еді.

Мұндай жерде аты шыққан спортшының кім екені та­ныл­май қала ма, үлкен жарыста қар­сыласының бәрін қоғадай жа­пыр­ған жас жігіттің ұлтының қазақ еке­ні сол кезде-ақ баршаға мәлім бо­лады. Мұны естіген Қазақстан құ­­­рамасының бапкерлері оны ата­жұртқа әкету үшін Нөкіске іздеп ке­леді. Олар жас жігіттің болашағы мықты екенін, Одақ көлеміндегі жарыстарға шығу үшін атажұртында жақсы жағдай жасалатынына сендіріп, Әбиболла да отанына орал­ғысы келеді. Бірақ үлкен жетістікке жет­кен спортшысын кім оңай­лық­пен бере қойсын, Қарақалпақстан би­лігі қазақстандықтардың ұсы­ны­сы­на қатты қарсылық көрсетіп, со­ның себебінен ірі жарыста жеңіске жеткен қазақ өренінің бұдан былай үлкен додаларда қазақ елінің туын желбіретсем деген арманы адыра қа­лады. Мұның, әрине, Әбиболлаға теріс әсері болмай қалған жоқ. Түгел түркінің көбі жиналған аймақта ата­ғы аспандаған балуан біраз жүн­жіп қалғандай еді. Содан оның біраз бабы келіспей, Өзбекстан Республи­ка­сы «Пахтакор» спорт қоғамының 1952 жылы 3-6 қыркүйекте Бұқарада өткізілген спартакиадасында үшін­ші, 1953 жылы 16-20 шілдеде Са­мар­қанда өткізілген спартакиадасында екін­ші орын алып, бағы шаппай қал­ған кездері болды...

Тағдыр үнемі жеңістерге жетіп, биік­терде жүруді бұйырта бермейді, оның үстіне жарықтан нәр алған жарқын өмірдің көлеңке тұсынан ке­ліп аяқтан шалу, етектен тарту деген бар. Мұндай тірліктің сынағы кім­нің басынан өтпеген? Әбибол­ла­ның да басынан өтті.
Жалғанда өзіңе тиесілі үлес бұ­йыр­май, шетке қағылған жаман. Кү­ні кеше ғана туған жерінің даң­қын аспандатқан Әбиболла Са­дықов­тың жетістіктері біреулердің кө­зіне күйік болған шығар, енді ол кө­біне Нөкіс, Ташкент және Одақ кө­леміндегі жарыстарға қатыс­ты­рыл­май қалып отырды. Бабы келіссе де бағы жанбай, бұл баруы тиіс ау­қымды жарыстарға басқа біреулер жі­беріліп, жігері құм болған кезі де аз болмады.

«Шешінген судан тайынбас» де­мекші, өмірін күреске арнаған Әби­болла балуан іштарлықтан тауы ша­­ғылса да мойымай, спорттағы жо­­лын жалғастырудан танған жоқ. 
Жігерін жанып, намысын қай­рай білетін азаматқа жетістік қол соз­бай тұра ма? Рухы биік, арманы ас­қақ Әбиболла Садықов өмірдегі ке­леңсіздіктерді елемей, күрес алаңын­да аттандап жүріп талай рет абы­рой биігінен көрінді. Атап айт­сақ, ол 1954-1955 жылы өткен Қара­қал­пақстан спартакиадасында, 1957 жыл­ғы Қарақалпақстан чемпио­на­тында жеңімпаз болып тілектестерін қуантса, «Пахтакор» спорт қоғамы­ның 1959 жылы Нөкісте өткізілген спартакиадасында екінші орынды алып қайратының қайта қоймаға­нын дәлелдеді.

1954-1955 жылдары Ташкент қа­­­ласында өткен Өзбекстан чемпио­на­тында жеңіс тұғырының ең биік са­тысынан көрінген ол, өзінің мық­ты балуан екенін танытты.
Өмір бір қалыпта тұрмайды, бас­талған нәрсенің де аяқталатын ке­зі бар. Қырық жасына дейін күре­сіп, талай аламанда атой салған Әби­болла да уақыты келгенде спорт­тық мансабын аяқтап, ізінен келе жат­қан дарынды шәкірттеріне жол берді.

Ол спортты қойған соң Нөкіс қа­­ласындағы «Пахтакор» спорт қоғамындағы ішкі істер ор­га­нындағы қызметтерін абыроймен ат­қарды. Мұнда ол өзінің та­лап­шыл­дығымен, турашылдығымен көзге тү­сіп, халықтың ыстық ықыласына бө­ленді.

Әбиболла туған елі алып импе­рия­дан бөлініп, тәуелсіздік алып жатқан кезде − 1991 жылы 6 қыр­күйек­те 61 жасында Нөкіс қаласын­да дүниеден өтті. Қазір Қарақалпақ­стан­ның астанасында Әбиболла Са­дықов атындағы көше бар.

Әбиболла Садықов пен Дүрия Жал­ғасқызынан тоғыз баланың ата-ана­сы еді, оның екеуі – Полат және Па­рахат ертерек дүние салды, ал қал­ған жетеуі әке арманын орындап, атажұртына оралды. Қазір олар Са­рыағаш, Ақтау, Талдықорған,  Ал­маты, Қарағанды қалаларында тұра­ды.

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел, тегі алсын қайдан кемеңгерді» деп Ілияс ақын айтқандай, лайықты ұл тудыра білген ел лайықтысын ба­ғалай білді.
Қарақалпақстанда 1993 жылы 15 мамырда балуан Әбиболла Са­ды­қов­ты еске алу мақсатында ұлттық күрес­тен алғашқы турнир өткізілген бо­латын, содан бергі кезеңде бұл тур­нир жыл аралатып болса да өт­кізіліп келеді. Биыл да өткізіліпті. Бұл − мемлекетінің даңқты балуа­ны­на деген құрметі ғана емес, жас ұр­пақты өзінен алдыңғылардың өне­гесімен табыстырып отыратын хал­қының да көрегендігі дер едік.

P.S. 

Жақында Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласында осы елде дүниеге келген даңқты қазақ балуаны Әбиболла Садықовты еске алу іс-шара­сына байланысты ересек ерлер және әйелдер арасында өзбек елінің ұлттық күресі − кураштан республикалық ашық турнир өтті. Турнирге қатысқан 7 команда құрамында 79 ер, 10 әйел балуан болды.  Ер балуандар 66, 73, 81 келіде және абсолют салмақта, әйелдер +63 келі салмақта белдесті.
Жарысты Өзбекстан кураш федерациясы Қарақалпақстан рес­публикасы бөлімі тарапынан бекітілген төрешілер жүргізіп, спорт додасы халықаралық кураш ережелеріне сәйкес өткізілді.
Балуандар бәсекесінде ерлер арасында 66 келі салмақта Жалалатдин Адамбаев (Хорезм облысы), 73 келі салмақта Меңлібек Юлдашев (Қара­қалпақстан, Қоңырат ауданы), 81 келі салмақта Санжар Шерім­бетов (Қарақалпақстан, Нөкіс қаласы), абсолют салмақта Захириддин Зай­тов (Хорезм облысы), қыздар арасында +63 келі салмақта Рахима Юлд­шаева бірінші орын алып, чемпион атанды.
Жарыстың ашылу және жабылу рәсімінде Өзбекстан хәм Қарақалпақстан республикаларының гимндері орындалып, бұл рәсімдерге Қарақалпақстан республикасы жастар саясаты және спорт министрлігінің бөлім бастығы Әлишер Темірбаев, Өзбекстан кураш федерациясы Қарақалпақстан Республикасы бөлімінің атқарушы директоры Серік Жүсіпбепков, республикалық жеке күрес түрлері бойынша спорт мектебі директоры Мұратқожа Казаев, спорт ардагері Жақсымұрат Мәмбетов, Қазақстан Республикасынан келген қонақтар және Әбиболла балуанның туыстары сөз сөйледі.  

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары