«Хабар 24» арнасының тілшісі өмірден өтті

Әріптестері Ардақ Асылханұлының кәсібилігін жоғары бағалайды.

«Хабар 24» арнасының тілшісі өмірден өтті
«Хабар 24» арнасы
2588

14 қазанда «Хабар 24» арнасының өңірдегі тілшілер қосының жетекшісі Ардақ Асылханұлы 45 жасында өмірден өтті, деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, Ардақ Асылханұлы журналистика саласында 20 жылдан аса уақыт қызмет еткен. Марқұм еңбек жолын газеттен бастап, кейін телеарнаға ауысқан. 2008 жылдан бері «Хабар» агенттігінде жұмыс істеген. Осы аралықта жергілікті жұрттың талай түйткілді мәселесінің оң шешілуіне мұрындық болған.

Әріптестері Ардақ Асылханұлының кәсібилігін жоғары бағалайды. Ол ұжым есінде қиындықтан қашпайтын, қызметке адал тұлға ретінде қалған. Марқұм қайтыс боларының алдында кеншілердің зейнет жасы жайлы бейнематериал әзірлеп жатқан.

«Қарағанды облысындағы халық жиі іздейтін. Тіпті біздің Астанадағы редакцияның телефонына қоңырау шалғанда да бірінші Ардақты сұрайтын. Адалдық бар еді. Қолын бір сілтей салу деген жоқ еді. Қаңтар оқиғасы кезінде байланыс болмады. Бірде бар, бірде жоқ. Арасында ғана байланыс болғанда Ардақ қана үнемі аңдып отырып, түн болсын, күн болсын, бізде жағдай былай болып жатыр, орталық алаңды шолып келдім деп, сонда біз талап етпесек те, өзінің көлігімен барып, әлі күнге дейін есімде түнгі сағат 3-те телефонмен ақпарат берді», - дейді «Хабар» арнасының шығарушы редакторы Бағдат Әбдіқожаева.

Серіктес жаңалықтары