Жаңа заң заңсыз иемделінген активтерді қайтару бойынша тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді – депутат

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерінің бастамасымен «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі» Заң әзірленді.

Жаңа заң заңсыз иемделінген активтерді қайтару бойынша тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді – депутат
861

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі» Заң әзірледі. Оның орындалу барысы бүгін «AMANAT» партиясының баспасөз орталығының алаңында талқыланды.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында заңсыз алынып, шетел асырылған активтерді елге қайтару жұмысын жандандыру қажет екенін атап өтті. Президент оның игілігін бүкіл халқымыз көретінін мәлімдеді.

Осы орайда, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері тиісті құқықтық тетіктерді әзірлеу мақсатында «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі» заң жобасын жобасына бастамашылық етті.

«Еуропалық құқықта азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы конвенция бар. Активтерге әділ жолмен қол жеткізгенін дәлелдей алмаған адамдар міндетті түрде жауапқа тартылады. Тіпті, мұндай заңсыздыққа барған адаммен ешкім әңгімелесіп отырмайды. Тиісінше, заң бұзған адам жасалған қылмыстың мерзімі өтіп кеткеніне қарамастан жауапкершіліктен құтыла алмайды. Заң барлық озық әдістемелерге, халықаралық шарттарға, Конституцияға толық сәйкес келеді. Бұған қоса, бірнеше заңға ілеспе өзгерістер енгізілді», – деді Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов.

Халық қалаулысы активтерді қайтару жұмысы аясында барлық ақпарат көздерінің мәліметтері, оның ішінде «AMANAT»-тың қоғамдық қабылдау бөлмелері, партиялық бақылау комитеті, БАҚ және азаматтық қоғам хабарламалары ескерілетінін жеткізді. Сондай-ақ, ол аталған Заңның қабылдануы күдіктілерге тиесілі банк салымдарын зерттеу процесін айтарлықтай жеңілдеткенін атап өтті.

«Осы уақытқа дейін банк құпиясын зерттеп-зерделеу мүмкін болмап еді. Ал енді жеке тұлғалардың активіне тергеу амалдарын жүргізу кезінде банк саласында ашықтық болуы үшін заңға арнайы норма енгізілді. Мен 17 жылдан бері «Человек и закон» газетінің бас редакторы қызметін атқарып келемін. Бұған дейін осындай баспасөз мәслихатын өткізу және мұндай тақырыптарды ашық талқылау мүмкін емес еді. «AMANAT» партиясы аталған заңға бастамашылық ету арқылы халықтың үмітін ақтап, бұрын-соңды болмаған ашықтықты қамтамасыз етіп отыр», – деді депутат.

Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті кірісінің заңды жолмен келгенін растауы тиіс тұлғалардың тізімін жасайды. Бұл туралы Әділет вице-министрі Алма Мұқанова айтты.

«Біз жауапты мемлекеттік қызметкерлер мен мансабын, ықпалын пайдалану арқылы актив жинаған әкімшілік ықпалы бар адамдар туралы айтып отырмыз. Сондай-ақ, үлестес тұлғалардың да тізімі жасалды. Яғни, күдіктілердің туыстары мен мүліктің номиналды иелері назарға алынады. Бұдан соң тізім активтерді қайтару жөніндегі комиссияға ұсынылады. Тізім жабық түрде беріледі. Себебі кінәсіздік презумпциясы барын да ескеру қажет. Мәселен, белгілі бір компанияның акционері аталған тізімге енгізіледі делік. Егер аталған тұлғаның есімі ашық айтылатын болса, оның акциялары мемлекетке берілгенге дейін құнсызданып үлгереді. Яғни, оның активтері құнын жоғалтып алмауы керек», – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, тізімге енген тұлғаға хабарлама жолданады. Өз кезегінде, ол активтері мен кіріс көздері туралы декларация ұсынуы тиіс. Декларация тексерілгеннен кейін Активтерді қайтару жөніндегі комиссия нақты қандай активтерге қатысты талап қою керектігі туралы шешім қабылдап, азаматтық сотқа жүгінеді.

Өз кезегінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің басшысы Қанат Сүлейменов 2022 жылдан бері аталған агенттік Қазақстанда заңсыз иемделінген активтердің 856 млрд теңгесін қайтарғанын айтты. Оның ішінде шетелден қайтарылған қаражат қана емес, сонымен қатар жылжымайтын мүлік те бар.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2022 жылдан бастап бүгіне дейін 856 млрд теңгені қайтарды. Мәселен, үкім шығарылған ӨКМ Операторының ісі бойынша 180 млрд теңге қайтарылды. Ақшаның бір бөлігі жеңілдікпен автонесие беруге жұмсалды. Бұл қаражаттың барлығы әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалады. Жыл соңына дейін тағы 180 млрд теңгені қайтаруды жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Заңның орындалуы және Бас прокуратураның дәл қазіргі жұмысы туралы Бас прокуратураның Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметі басқармасының аға прокуроры Айнұр Ибраева айтып берді. Оның айтуынша, бірқатар заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер әзірленді. Онда активтерді қайтару туралы Заңның қолданылу тетіктері нақтыланды.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерінің бастамасымен «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі» Заң әзірленді. Оған биыл 12 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойды. 2023 жылы 5 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрамында Активтерді қайтару жөніндегі комитет құру туралы Жарлыққа қол қойды.

 

Серіктес жаңалықтары