Ұлы қолбасшы һәм саясаткер

Ақтөбе облысында «Әбілқайыр хан: қолбасшы, билеуші және саясаткер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Ұлы қолбасшы һәм саясаткер
turkystan.kz

ХVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығы тұсында үш жүздің басын қосып, жаудың белін сындырған баһадүр Әбілқайыр ханның туғанына 330 жыл толуына орай ұлы тұлғаның есімін ұлықтау мақсатымен Ақтөбе облысында «Әбілқайыр хан: қолбасшы, билеуші және саясаткер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Аталған шара Қ.Жұбанов атындағы Ақ­тө­бе өңірлік университетінің Жастар сарайында өтті. Оған «Хан моласына» 30 жылдан астам зерт­теу жүргізіп, Әбілқайыр ханның  жер­лен­генін дәлелдеген тарих ғылымдарының док­торы, профессор Серік Әжіғали бастаған рес­публикаға белгілі ғалымдар, Әбілқайыр хан тұлғасын және оның заманын зерттеген шет­елдік тарихшылар қатысты.       
Конференцияны тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік университетінің та­рих және дінтану кафедрасының меңгеру­ші­сі Гүлбану Ізбасарова жүргізіп отырды.
Шарада алдымен сөз сөйлеген Ақтөбе об­­лысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеу­сі­нова қазаққа елдігінен, бірлігінен айырылу қау­пі төнген кезде халқымыздың тари­хын­дағы ең бір ауыр кезеңде ел басқарған, бүкіл ғұ­мырын ат жалында өткізген Әбілқайыр хан екенін, ұлы қолбасшының ел тарихындағы ор­ны ерекше екенін жеткізіп: 
– Бүгін бас қосып, ұйымдастырылып отыр­ған конференция барысында сонау ау­малы-төк­пелі уақытта батыл шешім шығарып, жау­ларына қасқая жауап беріп, терезесі тең мә­мілегерлік саясат жүргізген Әбілқайыр хан­ның тарихи тұлғасына қатысты «ақтаң­дақ­тарға» жаңаша көзқарас қалыптастырып, баға­сын беру үшін жиналып отырмыз. 
Әбілқайыр ханның тарихи тұлғасы төңіре­гінде аз  жазылған жоқ. Әр ке­зең­нің тарихшылары мен зерттеушілері оның іс-әрекеті мен ұстанған саясатына өз зама­ны­на лайық баға берген еді. Заман өзгеріп, өт­кен­нен ұлағат ұқтырған ғалымдар ел тағд­ы­ры­на қатысты көптің алдына шығып, ақыл­ды­лық, көрегендігі мен көсемдігі арқасында ұлан-байтақ қазақ даласын сыртқы жау­лар­дан қорғап қалған дулығалы дала перзентінің ең­бегін деректер арқылы шынайы бағалап бер­ді.  
Сайын далада тұлпарлар дүбірімен өмірі кү­рес пен тартыста өткен Әбілқайырдың ал­дын­да елдің амандығы мен жердің тұтас­ты­ғын сақтап қалу міндеті тұрды. Халықты ауыз­біршілікке шақырып, еркін елдің ерлерін қасына ерткен батыр қалың қолымен жаудың сағын сындырып, кейін шегіндіреді. Арыс­тан­дай айбатты, жүректі қолбасшы, қайтпас, қай­сар мінезді Әбілқайыр хан қазақ халқы үшін маңызы бар шайқастарда үлкен жеңіске жетуі – кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге.
Әбілқайыр ханның өмірлік жолын зер­делеуде оның өмірлік жары, ақылшысы  Бо­пай Сүйіндікқызы туралы еске алмай кет­пей­міз. Бопай ханымның деректерде есімінің қалуы Әбілқайыр ханның атын өшірмей, ісін қол­дап, қоғамдық маңызы бар мәселелерге ара­ласуынан болатын. Сондықтан болар, кел­ген елшілер мен хаты жеткен көрші мем­лекеттердің билеушілері Бопайдың алғыр­лы­ғы мен ақылына тамсанған. Өкінішке қарай, Бо­пай Сүйіндікқызы теріскейдегі көрші мем­­­лекеттің жерінде жерленген. Осындай қо­ғамдық маңызы бар шара аясында Бопай Сүйіндікқызының жерленген жерінен алын­ған бір уыс топырақты асыл жары, қазақтың ха­ны, мәмлегер, саясатшы Әбілқайыр Қажы­сұл­танұлының бейітіне салу жоспарланып отыр, – деді. 
Бұдан кейін конференцияда баяндама жасаған тарих ғылымдарының док­торы, профессор, Шығыс елдерінің халықара­лық архитектура академиясының коррес­пон­дент-мүшесі Серік Әжіғали Әбілқайыр хан­ның қабірін табу оңай болмағанын, оның ба­сына 1982 жылы белгілі жазушы, қоғам қай­раткері Әбіш Кекілбаев бастаған  бір топ  бар­ғанын жеткізді.
– Кезінде Николай Рычков Әбілқайыр хан­ның бейітінің басында ту бие сойылып, үл­кен ас берілгенін жазған. Қазақтың тұрмыс-сал­тын жақсы білетіндер ежелгі уақытта көк­темде ас беретін кездің аз болғанын тү­сіне­ді. Ас әдетте жазғытұрым беріледі. Нико­лай Рычков Әбілқайыр хан зиратының үстіне кірпіштен мавзолей сипатындағы бейіт тұрғызылған, мәйітті сол жерге өз киімімен, қару-жарағымен көмген деп жазады. Хан ауыр жарақаттан көз жұмды. Әрине, хан де­несін жуындырып, арулап, тез жерлеу керек бол­ды. Ол ханға лайық мұсылман дәстүрімен жер­ленген. Сондықтан біз, тарихшылар, хан жауынгер киімімен жерленді дегенмен келіс­пейміз. 23 жылдан кейін әкесінің беделін кө­те­ріп, оған үлкен мазар салуды сұраған Нұра­лы хан оның қасына қару-жарақты қойып, әдейі үлкен ас беріп, оның халық ара­сындағы беделінің өлгеннен кейін де жоғары екенін орыс билігіне  дәлелдегісі келген. Мұндай қарама-қайшылы деректер келтіріл­генде, зерттеу жүргізу қиын. Алайда біздің тапқанымыз ханның моласы екені анық. Мен мұны көп жыл бойы саралап, мамандардың пікі­ріне сүйеніп, қорытынды жасадым, – деді ол.
«Хан моласын» зерттеген тарихшы алда­ғы уақытта облыстағы ескерткіштердің бола­шағына алаңдайтынын жеткізді. Сол себепті көп ұзамай «Ақтөбе облысындағы мәдени-тарихи ескерткіштер» жиынтығын жасақтау қажет екенін айтты.
– Бүгінге дейін еліміздегі ескерткіштерге 50-ден астам экспедиция жүргіздім. Соның 34-і  Қазақстанның батысында  өтті. Моң­ғо­лия, Қытай жерін де зерттедім. Сондықтан қа­зіргі заманда ескерткіштердің болашақтағы рөлін ойлануымыз керек. Мысалы, Ақтөбе об­лысы – ескерткіштерге ең бай аймақ. Өңір­де белгілі тұлғаларға арналған ғана емес, әр­түрлі сәулет өнерін, мәдениетін жоғары дең­гейде көрсететін ескерткіштер баршылық. Сондықтан облыс басшылығына айтарым, өңір­де бес жылдық бағдарлама қабылданып, со­ның аясында «Ақтөбе облысындағы мә­де­ни-тарихи ескерткіштер» жинағын  шығару  керек. Бұл бір томға сыймауы мүмкін. Мұны айтып отырған себебім, облыста әлі ескерт­кіш­тер туралы жазылған энциклопедия жоқ. Егер осындай еңбек жарыққа шықса, онда өңір­дегі туризмді де дамытуға мүмкіндік бо­ла­ды. Жас ұрпақ өңірдегі осындай құнды ес­керткіштердің тарихымен танысады, біледі, оқи­ды. Осы орайда 2024-2028 жылдарға ар­нал­ған бірнеше маршруттан тұратын экспе­диция ұйымдастырылса деген ұсынысым 
бар, – деді С.Әжіғали.  
Бұдан кейін басқосуда тарих ғылым­да­рының кандидаты, Шәкәрім универ­си­тетінің профессоры Амантай Исин «Әбіл­қайыр ханның хаты және XVIII ғасырдағы қа­зақ ескі жазба тілінің кейбір ерекшеліктері» та­қырыбында баяндама жасады.
– Әбілқайыр хан – ірі саясаткер, бірнеше халықтың тағдырына әсер еткен тұлға. Олар­дың қатарында башқұрт, қалмақ, ноғай, қара­қалпақ, тіпті Ресей империясы, Хиуа мемле­кет­тері де бар. Бұл кісінің осы аумақтарда билік жүргізгендегі оқиғалары – таусыл­май­тын тақырып. Себебі әлде де зерттейтін дүние өте көп.  
Мәселен, мен Әбілқайырдың 1730 жылы Петерборға елшілер арқылы жіберген хатына ерек­ше назар аудардым. Бұл хат жақсы сақ­талған. Бұл жан-жақты зерттеуді қажет ететін құжат екені белгілі. Хатта сөздер негізінен жар­лық сөзімен аяқталған. Яғни, «қол ас­тыңыздағы халықтарға сіз ықпал етіңіз» деген мағынада жіберілген. Бұл хатта тілек те, та­лап та бар. Хан Ресей империясына жеңіл түр­де мойынсұну есебін қазақ пен башқұрт­тың арасында Ресей құзырымен бейбітшілік  орнату мүддесімен шебер байланыстырған. Өйткені башқұрттар – Ресей қол астындағы ел. 
Ханның хаттағы сөздері ұстамды, белгілі бір тұстарында асқақ. Кішіреюі де, өзге мем­лекет иесімен тең сезінуі де, құрмет көрсетуі, сы­пайы сөз саптауы, мүдделі ісі де үйлесімді, сал­мақты өлшеммен жеткізілген. Бұл хаттан ар­тық жалбарыну, Ресей патшалығына ашық мойынсұну, төменшіктей  сөйлеу деген бай­қалмайды, – деген ол өзі зерттеп-зерделеген бірнеше тарихи тұлғаның хаттары жайлы әңгімелеп, нақты деректер келтірді.
Конференция барысында тарих ғы­лым­дарының докторы, РҒА Шығыс­тану институтының бас ғылыми қызметкері Александр Кадырбаев, тарих ғылымдарының док­торы, РҒА Қалмақ ғылыми орталығының та­рих бөлімінің меңгерушісі Владимир Теп­кеев, тарих ғылымдарының докторы, Мәс­кеулік қалалық педагогикалық универси­те­ті­нің Отан тарихы кафедрасының профессоры Дмитрий Васильев, тарих ғылымдарының док­торы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­лік университеті тарих және дінтану ка­фед­расының меңгерушісі Гүлбану Ізбасарова, т.б. баян­дама жасап, Әбілқайыр ханның өмір­бая­ны мен қайраткерлік тұлғасына қатысты құн­ды мәліметтерді көптеп келтірді.
Аталған шараға Әбілқайыр ханның то­ғы­зыншы ұрпағы Амангелді Жангереев те қа­тыс­ты. Ол М.Оспанов атындағы Батыс Қазақ­стан медицина универсиеті фтизиатрия және пу­льмонология кафедрасында бес жылдан бері қызмет етеді.
– 2011 жылы Әбілқайыр ханның моласы та­былғанда мен Мәскеуде жұмыс істеп  жүр­генмін. Содан біз қан тапсырып, оның нәти­же­сі оң болып шықты. Әбілқайыр бабамыздың ол кезде нағыз портреті анықталмаған еді, со­дан антропологтар соңғы технология­лар­дың көмегімен бюст жасап шығарды. Сол кезде бабамыздың портретін көріп, менің кіші ұлым Вахтангтың  хан бабасынан  ай­ны­май қалғанын аңғардық. Енді, міне, содан бері біраз уақыт өтті. Биыл Әбілқайыр ханның 330 жылдығы облысымызда кеңінен атап өтіліп жа­тыр. Жан-жақтан тарихшылар, зерттеу­ші­лер жиналып, қазақтың тарихынан ойып тұ­рып орын алатын Әбілқайыр хан туралы өз зерт­теу жұмыстарын ортаға салуда. Жалпы, өзім бабамызға осындай құрмет көрсетіліп жат­қанына ризамын.  Әбілқайыр хан туралы біз­дің елімізде құнды ақпараттар аз. Көп адам хан туралы сөз қозғағанда әртүрлі кереғар пі­кір­лер айтады. Сондықтан әлде де тарих­шылар, ғалымдар тың ақпараттар тапса, өте дұрыс болар еді, – дейді А.Жангереев.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор сөз арасында отбасында Аза­мат, Асқар, Вахтанг, Карина есімді бала­ларынан немере сүйіп отырғанын, олар түп аталары – Әбілқайыр хан туралы көп ақпарат білетінін жеткізді. 

***
Түстен кейін аталған іс-шара аясында та­рих ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік уни­верситетінің тарих және дінтану кафед­ра­сы­ның меңгерушісі Гүлбану Ізбасарованың «XVIII ғасыр-ХІХ ғасыр басындағы Ресей им­пе­риясының аймақтық саясатындағы Ба­тыс Қазақстан» монографиясының тұсау­ке­сері өтті. 
Сондай-ақ Есет батыр шағынауданында Бо­пай ханым атындағы көшенің салтанатты ашылуы өтті. Оған Бопай ханымның ұр­пақ­тары, Маңғыстау, Атырау облыстарынан кел­ген қонақтар, аудан тұрғындары қатысты. 
Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер жә­не құжаттама басқармасының басшысы Ал­­тынай Юнисованың айтуынша, Әбілқайыр хан­ның 330 жылдығына орай биыл «Хан мо­ласы» мемориалдық кешеніне қайта жаңарту жұмыстары жүргізілген. 
– Биыл кесененің іші де, сырты да жаңар­тылды. Ішіне Құран сүрелері қойылды, интер­нет­пен де қамтылды. Былтыр шырақшы үйі са­лынса, бүгінде оған штат бөлініп, балансқа алын­ды. Қазір мерейтой қарсаңында іс-ша­ра­лар жалғасып жатыр. Оның ішінде ең бір ай­та кетерлік жаңалық, біз биыл Бопай ха­ным­ның жатқан жерінен арнайы топырақ  алып келдік. Сол топырақты салу рәсімі Әй­те­ке би ауданындағы «Хан моласы» ме­мо­риал­дық кешенінде өтті. Ол жерде баба ру­хына тағзым етіліп, ас берілді және кешенге экс­­­­курсия жүргізілді. Биыл сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен драматургия сала­сын­да Әбілқайыр хан жайлы драмалық шы­ғар­ма  жазу тапсырылған болатын. Осы іс-шара­ның аясында Тахауи Ахтанов атындағы Ақ­төбе облыстық драма театрында «Әбіл­қайыр хан» қойылымының тұсаукесері өтеді. Бұл қойылыммен театр ұжымы алдағы уақыт­та басқа өңірлерге де барады деген жоспар бар, – деді басқарма басшысы. 
Бопай ханымға арналған көшенің ашылу салтанатына арнайы келгендердің бірі — атыраулық Олжабай Шалқарұлы.
– Біз де осы кісінің ұрпағымыз. Сонау Құл­сары қаласынан арнайы келіп қатысып отыр­мыз. Отбасында өзім үш ұл, үш қыз өсі­ріп тәрбиеледім. Көп жыл мұнай саласында қыз­мет істедім. Міне, бүгін, Ақтөбе халқы кіші жүз­дің отыз жылға жуық ханы болған, елдің тұ­тас­тығын сақтап, қазақ мемлекетінің қа­лып­тасуына өлшеусіз үлес қосқан қолбасшы Әбілқайыр ханның 330 жылдығын сән-салта­нат­пен атап өтіп жатыр. Сондай-ақ оның зайы­бы, апамыз Бопай ханымға да көше бері­ліп жатыр. Өте қуаныштымыз. Осындай ел болуымызға үлес қосқан тұлғаларды ұлық­тасақ, жас ұрпақ өткен тарихты есте сақтайды деп сенеміз, – дейді ол.
Айта кету керек, Бопай ханым (Бәтима) – Әбілқайыр ханның бәйбішесі, оның ісі мен сая­сатын жалғастырушы. Ол 1690 жылы туып, 1780 жылы өмірден озған, төре әулетінде зор беделге ие болған. Ол Әбілқайыр ханнан алты ұл, бір қыз туған.

Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы