Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы Әсем Орынбай Президентті тойына шақырды

Әсем Орынбай – ХІХ жазғы Азия ойындарының стенд атудан екі дүркін жеңімпазы және қола жүлдегер.

Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы Әсем Орынбай Президентті тойына шақырды
Фото: pixabay.
2458

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында стенд атудан екі алтын медаль алған Әсем Орынбай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ұзату тойына шақырды, деп хабарлады turkystan.kz.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қадірменді достар! Өздеріңіз көргендей, биылғы Азия ойындарында бәсеке жоғары болды. Дегенмен, біз қалайда жеңіске жету керек деп мақсат қойдық. Сол мақсатымызға жетіп отырмыз. Бұл жолы да бізбен бірге жаттықтырушылар және спорт саласындағы көптеген маман тер төкті. Дайындыққа федерация да көп үлес қосты. Сондықтан бұл біздің ортақ жеңісіміз деп білемін. Баршаға алғыс айтамын!» – деді Әсем Орынбай. 

Оның айтуынша, бірлесіп жұмыс істеген кезде ойдағыдай нәтижеге қол жеткізуге болады.

«Біздің спорт түрінің өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл жерде тек физикалық күш емес, сонымен қатар жүйке мықтылығы маңызды рөл атқарады. Біз еліміздің атын шығаруға барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Келер жылғы Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсету үшін күш саламыз. Уәде береміз!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен спорттың арқасында өзімнің болашақ жарымды кездестіріп отырмын. Ол да спортшы. Қараша айында бізде той болады. Сізді тойымыздың қадірлі қонағы болуға шақырамыз», – деді Азия ойындарының жеңімпазы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдаған болатын.

Серіктес жаңалықтары