Ерұлан Жамаубаев бюджетті игере алмаған министрліктерді атады

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Экология және табиғи ресурстар, Туризм және спорт, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінде кездесті.

Ерұлан Жамаубаев бюджетті игере алмаған министрліктерді атады
ашық дереккөз
1125

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын ең көп игере алмаған министрліктер мен әкімдіктерді атады.

Оның айтуынша, 9 айда мемлекеттік бюджеттің шығыстары - 99,3, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5 пайызға орындалды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 16 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді.

«Атқарылмау 70 млрд теңгені құраса, оның ішінде үнемдеу – 16 млрд теңге. Игерілмегені – 54 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Экология және табиғи ресурстар, Туризм және спорт, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінде кездесті. Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізу; шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу; шот-фактуралар мен атқарылған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбау және басқалары», - деді министр.

Ерұлан Жамаубаевтың дерегінше, жергілікті бюджеттердің шығыстары 9 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 49 млрд теңге.

«Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қазанға 1 трлн 112 млрд теңге бөлінген. Оның 98,5 пайызы игерілген. Атқарылмағаны – 17 млрд теңге, оның ішінде 1 млрд теңге – үнемдеу, 16 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу Астана қаласы, Маңғыстау, Атырау және Қарағанды облыстарында қалыптасты», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары