Қостанай облысындағы ауыл дәмханасында жарылыс болды (ВИДЕО)

ТЖД қызметкерлері өртті ауыздықтап, жеке қойма мен 8 млн теңгенің мүлкін сақтап қалды

Қостанай облысындағы ауыл дәмханасында жарылыс болды (ВИДЕО)
скриншот

Қостанай облысы Май ауылында дәмхана ғимаратында жарылыс болып, соңы өртке ұласты, деп хабарлады turkystan.kz.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға 8 қазанда болған.

«Сағат 20:19-да ауданы 330 шаршы метрді құрайтын «Майская сказка» дәмханасының бір қабатты ғимараты өртеніп жатқаны туралы хабар келіп түсті. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жанып жатқан ғимараттан әрқайсының көлемі 27 литр болатын жеті газ баллонын шығарды. Ал дәмхана ішіндегі тағы үш баллон жарылып кеткен», - делінген хабарламада.

Өрті сөндіруді екпіні 15 м/с-қа дейін күшейген жел қиындатып жіберген. Соның салдарынан өрт өрши түскен. Өрт сағат 21:45-те оқшауланып, 22:10-да сөндірілді. Оқиғадан зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.