Дұға үшін ақы сұрау ислам дініне жат: мүфтият Меккеде ақша үшін дұға жасамақ болған блогердің әрекетін құптамайды

Мүфтияттың өкілдері қасиетті мекенде әр адам бес парыздың бірін өзі өтеп, құлшылықты да өзі үшін жасайды дейді.

Дұға үшін ақы сұрау ислам дініне жат: мүфтият Меккеде ақша үшін дұға жасамақ болған блогердің әрекетін құптамайды
скриншот
1343

Меккеге барып, ақша үшін дұға жасамақ болған танымал блогер Балқия Балтабайдың әрекетіне қатысты ҚМДБ пікір білдірді, деп хабарлады turkystan.kz Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.

Психолог, коуч ретінде танылған блогер желіде банк нөміріне ақша салып, содан кейін дұғасын жазып жібергендерге қағба алдында тұрып ғибадат ететінін айтты.

Мүфтияттың өкілдері қасиетті мекенде әр адам бес парыздың бірін өзі өтеп, құлшылықты да өзі үшін жасайды дейді. Сондай-ақ көпшілік тарапынан күмән тудыратын бұндай бастамалардан аулақ болуға шақырады.

– Мұсылман жұртшылықтан талап ететініміз немесе өтінетініміз - осындай күмән араласу мүмкін болған және адамдарға қате мағлұмат жеткізуі мүмкін болған мәселелерден аулақ болу. Әсіресе, ақша жүрген жерде дау жүретінін ескертеміз. Сондай жерлерде өте сақ болса екен. Ашықтықты барынша қамтамасыз етсе екен деген үмітіміз бар, - деді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.

Алайда блогерге сеніп, садақа салғандар да, оның әрекетін сынға алғандар да табылды. Ал коуч ретінде танымал Балқияның өзі гу-гу әңгіменің нүктесін қою үшін даулы видеосының себебін түсіндірді.

 Оның сөзінше, жиналған қаражаттың бір бөлігіне Меккедегі мешітке Құран кітаптар кіргізіп, қалғаны Арыс қаласындағы мешіт пен медресе құрылысына жұмсалады.

Дінтанушылар Ислам дінінде Құран оқыту үшін де, дұға тілеу үшін де ақы сұралмайтынын айтады. Құранда құлшылық, ғибадаттың барлығы Құдайға арналуы керек. Сондықтан қарапайым адамдар түгілі, діни қызметкерлердің де оқыған Құранға ақша талап етуге құқы жоқ екен.

 

Серіктес жаңалықтары