Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтың 72 мүшесі ұсталды

Тінту барысында атыс қаруы оқ-дәрілерімен, ірі ақша қаражаттары, есірткі, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтың 72 мүшесі ұсталды
ҰҚК

5 қазанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірлесе және Бас прокуратураның үйлестіруімен бір мезгілде Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында арнайы операция жүргізді. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, операция барысында қару мен есірткіні заңсыз сақтауға, бопсалауға, заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастыруға және өзге де ауыр қылмыстар жасауға күдікті топтардың 72 мүшесі тергеу амалдарын жүргізу үшін жеткізілді.

Топтар өз әрекеттерін Қытаймен («Қорғас» ХШЫО), Өзбекстанмен («Жібек жолы» өткізу пункті) және Қырғызстанмен («Қордай автомобильдік» өткізу пункті) шекаралас учаскелерде жүзеге асырған.

Тінту барысында атыс қаруы оқ-дәрілерімен, ірі ақша қаражаттары, есірткі, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпараттар жария етуге жатпайды», - делінген ҰҚК баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.