290
4-сынып оқушысы ЕХРО қонақтары үшін мобильді қосымша жасады
4-сынып оқушысы ЕХРО қонақтары үшін мобильді қосымша жасады
Елордалық оқушы ЕХРО көрмесінің қонақтары үшін арнайы мобильді қосымша дайындады. Оныі көмегімен Астанаға келушілер павильондардың қалай орналасқанын және көрме маңында қандай ойын-сауық орталықтар бар екенін біле алады деп хабарлайды 24.kz.
4-сыныпта оқитын Аймен Нұржан жасының кішкентай болғанына қарамастан ІТ технологиялар саласына қызығушылық танытып жүр. ЕХРО көрмесінің картасы енгізілетін мобильді қосымша - оның алғашқы жетістігі.
"Мен осы ЕХРО-2017 көрмесіне, Астананың дамуына үлесімді қосқым келді, осы үлесімді қосайын деп ЕХРО-2017 туралы мобильдік бағдарлама жасадым. Бұл келген қонақтарға көмегін тигізеді, келген қонақтар осы бағдарламаны өздерінің телефондарына жүктейді деп ойлаймын", - дейді Аймен Нұржан.
Аймен бағдарламалаудағы алғашқы қадамдарын инвентор академиясында жасады. Мұнда әрбір баланы 3-ақ айдың ішінде өз жобасын дайындап, қолданысқа енгізуді үйретеді. Қазір курста 15 оқушы бар. Әрқайсысы өзінің ІТ саласындағы тың жаңалығын көпшілікке ұсынуға дайын десек қателеспейміз. "Бізде жобалық білім беру болғандықтан, бала келген соң 3 ай ішінде өзінің бағдарламасын жасауға міндеттеледі. Сонымен қатар ол техникалық ағылшын тілін, креативті ойлау қабілетін дамытады. Қазір көп балалар қолына смартфон алып, ойын ойнап отырады. Ол ойын ойнағаннан гөрі сол ойындарды, бағдарламаларды неге өздері жасамасқа", - дейді инвентор академиясының атқарушы директоры Жәнібек Қыдырәлиев.
Алдағы уақытта «Астана-ЭКСПО-2017» компаниясының өкілдері Айменге көрме нысандарының нақты қалай орналасатыны жайлы мәліметтер жіберуі тиіс. Оған дейін жас өнертапқыш мобильді қосымшаның тек қазақ тіліндегі емес, орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқаларын әзірлемек.