Азиада-2023: өткен жарыс күнінің нәтижесі қандай болды

Қазақстан құрамасының қоржынында барлығы 61 жүлде бар.

Азиада-2023: өткен жарыс күнінің нәтижесі қандай болды
Ашық дереккөз
1331

Қытайдың Ханчжоу қаласында Қазақстан құрамасының қатысуымен өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарының он екінші күні аяқталды.

Тас жолдағы велоспорттан 207.7 шақырымға созылған топтық сайыста Евгений Федоров топ жарып, алтын медаль алды.

Тағы бір спортшымыз Алексей Луценко — 4:25:29 күміс медальға қол жеткізді. 

Джиу-джитсудан 62 келіде Мансұр Хабибулла 3-орын үшін өткен бәсекеде филиппиндік Марк Александер Лимді 6:2 есебімен ұтты.

Джиу-джитсудан 69 келідегі Алдияр Серік Сингапурден келген қарсыласы Ноа Тян Рун Лиманы 2:0 есебімен жеңді.

Нұржан Батырбеков Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарының алтын медалін алды. 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз финалда БАӘ келген қарсыласы Мұхаммед әл-Суваидиді 4:2 есебімен жеңді.

Нұрқанат Әжіқанов Азия ойындарында WKF каратэден Қазақстанға алтын медаль сыйлады. Ол Иордания спортшысы Хасан Масарвехті айқын басымдықпен жеңіп, Қазақстан еншісіне осы ойындардағы 8-алтын жүлдені салды. Есеп: 8-0.

Лаура Әліқұл Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. WKF каратэнің кумите бағдарламасында 68 келіге дейінгі салмақтың финалында Лаура жарыс қожайыны, Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері Цяоцяо Лиге жол берді. Есеп: 0-4.

Грек-рим күресінен аса ауыр салмақтағы палуанымыз Әлімхан Сыздықов Ханчжоуда өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Жүлде үшін белдесуде былтырғы Азия чемпионы Әлімхан Түрікменстан спортшысы Айбекшазада Курраевты 5-1 есебімен жеңді.

57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Карина Ибрагимова Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарының күміс медалін жеңіп алды. Финалда ол Тайбэйден келген екі дүркін әлем чемпионы Ю Тин Лиден жеңіліп қалды.

Аса ауыр салмақтағы Ұлттық құрама боксшысы Қамшыбек Қоңқабаев финалда Токио олимпиадасының жеңімпазы, 2 дүркін әлем, 3 дүркін Азия чемпионы Баходир Джалоловтан (Өзбекстан) жеңіліп қалды. Есеп: 0-4.

12-жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 8 алтын, 15 күміс және 38 қола жүлде бар.

Серіктес жаңалықтары