«Түкір десе, түкіре саламын, проблема жоқ» – Асқар Жұмаділдаев
«Мен өйтіп түкірмеймін, «тіфәй» деймін де, қоя саламын»
Атақты математик Turkystan.kz тілшісіне берген сұхбатында баланың аузына түкіргеннен ештеңе шықпайтынын айтты.
«Көп қазақ қияли ғой, біреумен кездессе, «аузына түкір, бірдеңе болады» дейді. Әншейін шартты ұғым ғой. Түкір десе, түкіре саламын, проблема жоқ. Нұрғиса ағамыз емеспін ғой, ол кісі түкір десе, кәдімгідей түкірген ғой, мен өйтіп түкірмеймін, «тіфәй» деймін де, қоя саламын», – деді А. Жұмаділдаев.
Академик балаларының аузына түкіруін сұраған адамдардың өтінішін көңілжықпастықпен орындайтынын жеткізді.
«Ойбай, болмайды деп тұрам ба, «поза» ұстап? Қалыпты қабылдаймын. Бірақ бұдан ештеңе шықпайтынын білемін», – деді ол.
А. Жұмаділдаев ата-аналардың сұрауы бойынша балалардың тұсауын да кесетінін айтты.
«Мен тұсау кесемін. Мұны құптаймын, құптамаймын, ол артық әңгіме. Құптайтынымды немесе құптамайтынымды білмеймін. Бірақ жұрт ұстап алып, «тұсау кес» дейді. Кетіп бара жатып та тұсау кесуім мүмкін. Талай болды. Өтініп тұрса, принцип ұстап кетем бе? Кейде күні бұрын шақырады. Жарты сағатқа кіріп шығамын. Сонымен шаруаның барлығын бітіреміз», – деді академик.
А. Жұмаділдаев тұсау кескені үшін ешкімнен, ештеңе дәметпейтін мәлімдеді.
«Менде ешқандай «ставка» жоқ. Бірақ кейде көйлек, шапан кигізеді. Оны жасырмаймын...», – деді математик.
Айта кетейік, осыдан біраз бұрын қоғамда танымал әншілер мен блогерлердің тұсау кесуді кәсіпке айналдырып алғаны қызу талқыланған. Бұған қоса, эстрада әншісінің сахнада бір емес, бірнеше баланың аузына түкіргені сыналған.