Азиада-2023: Мария Бровкова қола жүлдегер атанды

Мария Бровкова бір адамдық каноэда 200 метр қашықтықта мәре сызығын үшінші болып қиды.

Азиада-2023: Мария Бровкова қола жүлдегер атанды
Туризм және спорт министрлігі
755

Қазақстандық 18 жастағы Мария Бровкова Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қола жүлдегер атанды.

Мария Бровкова бір адамдық каноэда 200 метр қашықтықта мәре сызығын үшінші болып қиды. Қытай спортшысы чемпион атанса, таиландтық ескекші екінші келді.

Бұл – батысқазақстандық Мария Бровкованың Азия ойындарындағы екінші жүлдесі. Ол кеше Руфина Искаковамен бірге 500 метр қашықтықта жұптасып каноэ есуде күміс медаль олжалаған болатын.

М.Бровкованың жеке бапкері, анасы Елена Бровкованың айтуынша, бұл Азия ойындарында ескек есуден олимпиадаға жолдама үлестірілмейді. Алдағы жылы көктемде лицензиялық Азия чемпионаты өтетін болады.

Мария Бровкова – байдарка мен каноэ есуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы, ересектер арасында әлем кубогі кезеңінің жеңімпазы. Қазіргі кезде М.Бровкова Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 2 курсында дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша оқиды. Мария болашақта анасы секілді жаттықтырушы болуды көздейді, оның арманы – ұлттық құрама қатарында Париж олимпиадасына жолдама алып, төртжылдықтың басты бәсекесінде жүлдеге іліну.

Серіктес жаңалықтары