Елнұр Бейсенбаев: Барлық бағдарламалық құжат тек бизнестің мүддесін ескере отырып қабылдануы керек

2018-2022 жылдар аралығында шаруашылық қызметтің 54 түрі бойынша 1,7 трлн теңге бөлінді.

Елнұр Бейсенбаев: Барлық бағдарламалық құжат тек бизнестің мүддесін ескере отырып қабылдануы керек
699

Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың тиімділігі өте төмен, газ бағасы 120%-ға қымбаттағанның кесірінен бірқатар кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін, ал банктер отандық компанияларға несие беруден бас тарып отыр. «AMANAT» партиясында өткен кеңесте бизнес-қауымдастықтардың жетекшілері осы және өзге де өзекті мәселелерді көтерді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында кәсіпкерлікті дамытуға көп көңіл бөлінді. Бұл салада бірқатар мәселе бар. Оны шешу жолдарын қарастыру мақсатында «AMANAT» партиясында бизнес-қауымдастықтардың жетекшілерімен, мемлекеттік органдардың өкілдерімен және Мәжіліс депутаттарымен кездесу өткізілді.

Сөз басында «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев бизнес өкілдері тарапынан жиі айтылатын шағымдарды атап өтті. Кәсіпкерлер «Gosagro.kz» порталының дұрыс жұмыс істемеуі, су тапшылығы, жанармай қымбатшылығы, айналым қаражатының жетіспеушілігі, шамадан тыс импорт және өзге мәселелер бойынша көп арыз-шағым айтады. Сондай-ақ, ол отандық тауар өндірушілер өнімінің ел ішіндегі құндылығын есептеу мәселесіне жеке тоқталды.

«Президент реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін 60%-ға жеткізуді тапсырды. «Атамекен» ҰКП дерегі бойынша, мемлекеттік сатып алулардағы ЖҚҮ-нің (жергілікті қамту үлесі) орташа мәні 31%-ды, «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алуларында орта есеппен 70%-ды құрайды. Мемлекеттік органдарда ЖҚҮ-ні бағалау деңгейін – жоғары. Нақты есептеу әдістемесінің болмауына байланысты, өңірлердегі ЖҚҮ диапазоны 40-90% аралағында ауытқып отырады», – деді ол.

Өз кезегінде, Қазақстандағы ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев мал шаруашылығы саласындағы мәселелерді атады. Оның айтуынша, кейінгі үш жылда елімізде отбасылық шағын шаруашылықтардың үштен бірі жабылып, ет комбинаттары мен бордақылау алаңдарының жартысы жұмыс істемей қалды. Заңнаманың және шикізат базасының тұрақсыздығына байланысты, ауыл шаруашылығының инвестициялық тартымдылығы көңіл көншітпейді.

«Бүгінде шаруалар мал басын көбейтудің орнына, сойып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде ет өңдеу үрдісі 20%-ға артқанын айтып, есеп береді. Алайда, 1996 жылы Қазақстан 500 мың тонна сиыр етін экспорттаса, қазір бұдан әлдеқайда аз өнім өндіріледі. Бұған жағымды жағдай емес, сол кездердегі колхоз-совхоздардың жабылып қалғаны себеп болды. Қазір де сондай жағдай орнап отыр. Шаруалар малға азық таппай қалды. Жем-шөп тапшылығы мен 2021-2022 жылдардағы құрғақшылық кері әсерін тигізді. Мал тектен-тек сойылып жатыр», – деді ол.

Сарапшы Нұрлыбек Мұқанов агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарына берілетін субсидияның тиімділігіне күмән келтірді. Мәселен, 2018-2022 жылдар аралығында шаруашылық қызметтің 54 түрі бойынша 1,7 трлн теңге бөлінді. Жыл сайын 25-35 мың АӨК нысаны немесе 15-20% субсидия алды.

«6 жылда аста-төк субсидия беріліп, импорт 70,5%-ға, экспорт 80,8%-ға өсті. Сауда балансының алшақтығы нақты нәтиже болуы керек еді. Алайда, ол тек 6,1%-ға қысқарды. Осы кезеңде отандық ірімшік пен сүзбе, күріш, бидай ұны, қырыққабат, сәбіз өндірісі азайды. Субсидиядан бөлек, АӨК-ні қолдаудың қаржылық емес шаралары болуы тиіс. Яғни, шаруаларды жер учаскесімен қамтамасыз ету, коммуналдық инфрақұрылым жүргізу, сертификаттау және т.б. Жолдауда айтылған мақсаттарға қол жеткізу үшін ең алдымен стратегиялық өнімдер тізбесін бекіту қажет. Бұл қадам ауыл шаруашылығының жалпы дамуын емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты өндірістерді қаржыландыру мақсатында жасалады», – деді ол.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер банктердің отандық компанияларды қаржыландыруға құлықсыз екеніне назар аударады. Жиһаз жасаушылар гильдиясының басқарма мүшесі Игорь Проценконың айтуынша, өңдеу бизнесі «ұзақ мерзімді» әрі мүмкіндігінше «арзан» ақшаға мұқтаж.

«Барлық екінші деңгейлі банк корпоративтік секторды несиелендіруде енжарлық танытады. Алайда бөлшек несиелендіруге белсене кіріседі. Экономиканың кейбір салаларында негізгі қорлар ондаған жылдар бойы жаңарған жоқ. Бөлшек және корпоративтік несиелеу нарығындағы теңгерімсіздікті жою үшін бөлшек сауда нарығында қалған ЕДБ үшін салық мөлшерлемесін көтеруді, ал өңдеу өнеркәсібіне несие беретін банктер үшін салықты жеңілдетуді қарастыруды ұсынамыз», – деді ол.

Игорь Проценко отандық өндірушіні қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бар болғанына қарамастан, түптеп келгенде қаржыландыру-қаржыландырмау туралы шешімді коммерциялық банктер қабылдайтынын, ал олар көп жағдайда қаражат бөлуден бас тартатынын атап өтті.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер Ұлттық экономика министрлігінің ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеру туралы жоспары отандық бизнестің дамуына кері әсерін тигізетінін жеткізді. Атап айтқанда, ҚР Химиктер одағының вице-президенті Тахмина Нағұманова ҚҚС мөлшерінің жоғарылауы жоғары сыртқы бәсекелестік жағдайында қазақстандық кәсіпорындардың тиімділігін төмендетуі мүмкін деп отыр.

«Сауда және өндірістік кәсіпорындарда ҚҚС базасы – әртүрлі. Өндірістік кәсіпорындардың өзіндік құнына айтарлықтай есептелген ҚҚС жоқ еңбекақы қоры кіреді. Мөлшерлеменің өсуі барлық кәсіпорындардың айналым капиталына кері әсерін тигізеді. Себебі көп компоненттер, реактивтер, жабдықтар мен қосалқы бөлшектер шет мемлекеттерден импортталады», – деді ол.

Қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров көгілдір отын қымбаттаған соң бірқатар өндіріс ошағы, атап айтқанда Шымкент пен Алматы облыстарындағы өндіріс орындары жабылып қалуы мүмкін екенін айтты.

«Тамыздан бері газ тарифі 120%-ға өсті. Қаптама материалдарды өндірудің пайдасы азайып барады. Арзан тауарды шетелден әкелген тиімді. Зауыттардың бірі көгілдір отын үшін жылына 350 млн теңге төлеп отырса, қазір 750 млн теңгеде төлейді. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар қаптамасы қымбаттаса, оның зардабын тұтынушылар тартады. Тариф неліктен 300 немесе 50 емес, 120%-ға өсіп кетті? Біз бұл санның қайдан шыққанын түсінбей отырмыз», – деді ол.

Өз кезегінде, Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов газ қашықтан жеткізілетініне байланысты, оңтүстік өңірлерде көгілдір отынның бағасы жоғары екенін түсіндірді. Сонымен қатар, ол «QazaqGaz» ҰК» АҚ және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ шығыны көп компаниялар саналатынын, сондықтан газ бағасы өсіп отырғанын атап өтті.

Кеңес барысында кәсіпкерлер тарапынан өзге де ұсыныстар айтылды. Мәселен, жеке индустриялық аймақтарды дамыту, бюрократиялық жүктемені азайту, өңдеу өнеркәсібіне ҚҚС-ты қайтаруды міндеттеу, тарату қорын қалыптастыру тәртібін қайта қарау және тағы басқа.

Іс-шараны Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев түйіндеді.

«Мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер және «Атамекен» ҰКП арасында нақты үйлесім жоқ. Біз Мәжілісте министрліктермен бірге тақырып аясындағы мәселелерді шешеміз. Кәсіпкерлер қауымдастығымен де үйлестіру жұмысын жүргізу қажет. Барлық бағдарламалық құжат тек бизнестің мүддесін ескере отырып қабылдануы керек. Біз басым көпшіліктің партиясы ретінде өз алаңымызды ұсынуға және кәсіпкерлермен бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Фракция жанынан салалық комитеттер құру жоспарлануда. Онда сарапшылармен тақырыптық мәселелер талқыланады», – деді ол.

Еске сала кетейік, «АМАNАТ» партиясы сайлауалды бағдарламаның орындалуына мониторинг жүргізу аясында осы жылдың шілде-тамыз айларында өңірлік кеңестер базасында салалық вице-министрлер мен отандық кәсіпкерлердің қатысуымен кеңейтілген жиындар өткізді. Онда барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалалар қамтылды. Кездесулерге барлығы 600-ге жуық кәсіпкер, оның ішінде ірі бизнес-қауымдастықтардың басшылары қатысты. 230-дан астам өзекті мәселе көтеріліп, олардың әрқайсысы «AMANAT» партиясының бақылауына алынды.

Партия «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында бизнес үшін ұзақмерзімді және қолжетімді кредиттік ресурс мәселесін шешуге тырысады. Өндіруші бизнеске қолдау көрсетіліп, өндірістік, көлік және коммуналдық инфрақұрылым қол жетімді болады. Ал аграрлық кешен мен жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін неғұрлым жеңіл салық мөлшерлемелері енгізіледі. «AMANAT» 2027 жылға дейін шағын және орта бизнестің жұмысына бөгет болатын кемінде 15 мың артық реттеуші кедергіні жояды.

Серіктес жаңалықтары