Сағындық Тоғамбай: Мырзағали Айтжановтың қойған тактикасын орындамадым
Азия ойындарының қолда жүлдегері Сағындық Тоғамбай қытайлық боксшыға есе жіберген жекпе-жегі туралы пікір білдірді.
Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында бокстан қола жүлде алған Сағындық Тоғамбай көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлады turkystan.kz qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
Отандасымыз 92 келіге дейін салмақта жартылай финалға дейін жетті. Ол финалдың жолдамасын шаршы алаң иесі Хан Сюэчжэньмен сарапқа салған болатын. Бірақ қарсыласының бағы жанды. Спортшы алдымен осы жекпе-жек туралы пікір білдірді. Әлеуметтік желіде «жеңісті қытайлық боксшыға сатып жіберді» дегендер болған.
«Сатып жіберу деген мүмкін емес. Бүгінгі жекпе-жекке жеңеміз деп шықтық. Оңай ұтуға да болар еді. Өкінішке қарай, жеке бапкерім Мырзағали Айтжановтың қойған тактикасын орындамадым. Соның салдарынан жеңіліс таптым. Осындай қателік кетті. Амал жоқ, қола жүлдені қанағат тұтуға тура келді. Жеңетін қабілетім бар еді, эмоцияға берілгендіктен бе, дұрыс тактика қолданбадым», - дейді Сағындық Тоғамбай.
Оған қойылған барлық тактика қашықтықтан ұру болған көрінеді. Қарсыласын өзіне жақындатпау тапсырылған. Отандасымыз қарсыласының ерекшелігін атап өтті.
«Бұдан да мықты күрзі жұдырықты жігіттермен кездескенмін. Бірақ қытайлықтың басты артықшылығы - шаршамайды екен. Украиналық әлем чемпионы Александр Хижняк деген боксшы бар. Соның стиліне сай келеді. Мұнымен алғаш рет кездестім. Бұрын жолымыз түйіспеген», - дейді Азия ойындарының қола жүлдегері.